Спорт

Зектілері

"Артында кішкентай үш баласы қалды": Атыстан көз жұмған боксшының әйелі мен туыстары арнайы сұхбат берді

Жарияланған күні:

Атыстан қаза тапқан боксшының жақындары сұхбат берді
Қуандық Жүсіп. Фото: жеке мұрағат

7 мамыр күні Қызылорда қаласында болған атыс кезінде бокстан спорт шебері, облыс құрамасының мүшесі Қуандық Жүсіп көз жұмды. Оқ жарақатынан бақилық болған спортшының әйелі Гүлжайна Уббаниязова KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, бұл жағдайдың отбасы үшін орны толмас қайғы екенін айтты.

"Бұл жайттан соң төбемізден жай түскендей күйде отырмыз. Қуандықтың ешқандай артық қылығы жоқ еді. Соңғы рет Алматыда өткен Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған жарысқа барып, үшінші орынмен оралды. 13 мамырда Алматыда өтетін тағы бір жарысқа дайындалып жүрген. Сол қайғылы оқиға орын алатын күні ол жаттығуға бармайтынын айтып, бапкеріне қоңырау шалған. Маған ештеңе айтпады. Содан соң осы суық хабар келді", - дейді спортшының жұбайы Гүлжайна.

Марқұм спортшының артында әйелі мен үш баласы қалған.

"Қуандық 75 келі салмақта сынға түсті. Осы салмақта әлем чемпионатына барам, Олимпиаданы ұтамын деген арманы бар еді. Бала кезінен бокспен шұғылданып, Қызылорда қаласының құрамасынан орын алды. Өкінішке қарай, енді оның арманы орындалмай қалды. Біз тергеудің әділ жүріп, кінәлілердің жазаланғанын қалаймыз", - дейді келіншек.

Спортшының немере ағасы Берік Жүсіповтің айтуынша, Қуандық әлем чемпионатына баруды бала күнінен армандаған.

"Төртінші сыныптан бастап бокспен айналысты. Тоғызыншы сыныпта Қызылордадағы спорт интернатына ауысып, облыс құрамасына ілікті. Бірнеше жылдан бері тұрақты түрде ел чемпионаттарынан, халықаралық жарыстардан орын алып жүрген жігіт қой. 27 жасқа жетпей қыршын кетті. Екі қыз, бір ұлы қалды артында. Балаларының алды бірінші сыныпта оқиды. Қуандық өзін дәлелдеймін, өз мықтылығын көрсетемін деп жүрген боксшы еді. Әсіресе, әлем чемпионатына қатысуды қатты армандады. Елінің абыройын көтеруді мақсат етіп еді", - дейді спортшының немере ағасы Берік Жүсіпов.

Еске сала кетейік, аталған оқиғаға қатысты пікір білдірген Қызылорда облыстық полиция департаменті марқұмдардың өліміне қатысты 6 күдіктінің ұсталғанын, тағы 5 күдіктіге іздеу жарияланғанын мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/about-sports/1968819-artynda-kiskentai-us-balasy-qaldy-atystan-koz-zumgan-bokssynyn-aieli-men-tuystary-arnaiy-suxbat-berdi/