Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Күніне 10-20 мың теңге табатынмын": қазақстандық боксшы бұрын курьер болып жұмыс істегенін айтты

Опубликовано:

Боксшы
Ертуған Зейнуллинов. Фото: olympic.kz

Қазақстандық боксшы Ертуған Зейнуллинов ұлттық құрама сапына қосылмас бұрын қандай жұмыс істегенін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ sportarena.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Боксшы Ертуған Зейнуллинов осыдан бірнеше жыл бұрын тамақ тасушы курьер болып жұмыс істегенін айтты.

"Мен Қазақстан чемпионатында жеңіліп, еңбекақысыз қалдым. Жұмыс іздеуге тырыстым, бірақ жаттығу мен жұмысты қатар алып жүру қиын болатынын түсіндім. Ақша әрдайым керек қой. Сондықтан курьер боламын деп шештім", — деді боксшы.

Ертуған курьер болу арқылы орта есеппен күніне 10-20 мың теңге тапқан екен.

"Бір күні тапсырысты алып кету үшін бір жерге келдім. Ол жерде Нұрбек және Айбек Оралбайларды жаттықтырған бапкер отыр екен. Бапкерді көріп ұялдым. Білдіртпей кетіп қалуға тырыстым, бірақ бапкер мені байқап қойып, қасыма келді. Cосын "Қалайсың? Мұнда не істеп жүрсің? Несіне ұяласың? Сен ештеңе ұрлап жүрген жоқсың, адал жолмен ақша тауып жүрсің", — деп мені қолдады. Мен кейін жаттығуымды жалғастырдым. Келесі жылы Қазақстан чемпионатының жүлдегері атанып, ұлттық құрамаға қосылдым" — деді Зейнуллинов.

Жақында Ертуған Зейнуллинов Мажарстанда өткен бокстан Иштван Бочкай атындағы халықаралық турнирде алтын медаль жеңіп алған еді. Ол финалда жергілікті боксшы Ричард Ковачтан басым түсті.

"Бұл турнирде үш жекпе-жек өткіздім, үшеуі де Мажарстан өкілдеріне қарсы болды. Финалда Олимпиадаға лицензия алып қойған жергілікті боксшымен жұдырықтастым. Төрешілер маған жеңісті бермейтін болар деп ойлап едім, бірақ бәрі әділ болды" — деді Ертуған Зейнуллинов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2056699-kunine-10-20-myn-tenge-tabatynmyn-qazaqstandyq-bokssy-buryn-kurer-bop-zumys-istegenin-aitty/

pixel