Өткен жылы допинг дауына ілігіп, үш жылға спорттан шеттетілген Саматәлі Төлтаев кәсіпқой бокcта бақ сынамақ. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Mangystau Media cайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Саматәлі Төлтаев 18 ақпанда Түркияда өтетін кәсіпқой бокс кешінде жекпе-жекке шығады. Ол үш жылға спорттан шеттетілгеніне қарамастан кәсіпқой боксқа қалай ауысқанын Төлтаевтың менеджері Жанпейіс Назарғали түсіндірді.
"Кәсіпқой боксқа өту үшін допинг табылған кезден бастап кем дегенде 6 ай уақыт өткен соң тағы да анализ тапсыруы тиіс болатын. С.Төлтаев қараша айында допингке анализ тапсырып, сынамасы таза боп шықты. Содан бастап жаттығуға қайта кірістік. Бұйырса 18 ақпан күні Түркияның Ыстамбұл қаласында жергілікті боксшыға қарсы дебюттік кездесу өткіземіз", – деді менеджер.
Менеджердің айтуынша, Саматәлі кәсіпқой боксқа өту үшін барлық ережені сақтаған.
"Бір жыл күтті, сынамасы таза шықты. Енді еш кедергі болмауы тиіс. Бокс тарихында сынамасынан допинг табылып, спорттан шеттетілген бірнеше танымал боксшылардың алты ай өткен соң кәсіпқой бокста өнер көрсеткендігі туралы мысал жеткілікті. Мысал ретінде Миша Алоян, Бектемір Меликузиев секілді спортшыларды атап өтсем жеткілікті болар", – деді Жанпейіс Назарғали.
Еске салайық, өткен жылы Саматәлі Төлтаевтың допинг сынамасынан спортшылардың қолдануына тыйым салынған дәрі табылды. Кейін боксшы 2023 жылдың 3 наурызынан 2026 жылдың 3 наурызына дейін спорттан шеттетілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2060412-doping-boiynsa-sporttan-settetilgen-sportsy-endi-kasipqoi-boksta-oner-korsetedi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.