Спорт

Зектілері

"Қолымнан келгенін істеймін": Геннадий Головкин жас боксшыларға уәде берді

Жарияланған күні:

ҰОК басшысы Геннадий Головкин
ҰОК басшысы Геннадий Головкин. Фото: instagram.com/gggboxing

Геннадий Головкин боксты 2028 жылғы жазғы Олимпиада бағдарламасында қалдыру үшін қолынан келгенін жасауға уәде берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ҰОК-ның ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті, World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин Пуэблодағы (АҚШ) бокстан U19 әлем чемпионатының қатысушыларымен кездеcкен. Ол әлем біріншілігіне қатысып жатқан командаларға бейресми жағдайда қолдау көрсетіп, жас боксшылармен суретке түсті. 

Геннадий Головкин спортшыларға арналған үндеуінде 2028 жылғы Олимпиада ойындары бағдарламасында боксты сақтап қалуға басымдық беретінін атап өтті. 

"Қазіргі таңда араларыңызда болашақ чемпиондар, Лос-Анджелестегі ойындарға қатысатын олимпиадашылар бар. Өз тарапымнан боксты Олимпиаданың жарыс бағдарламасында сақтап қалу үшін қолымнан келгенін істеймін деп уәде беремін. Биікке ұмтылыңыздар,  мақсаттарыңызға жету үшін күштеріңізді аямаңыздар. Барлығына жеңіс және әлем чемпионатында жетістікке жетуді тілеймін", - деді Головкин. 

Айта кетелік, Пуэблодағы әлем чемпионаты World Boxing аясында алғаш рет ұйымдастырылған. Оған 30 елден 180 боксшы қатысып жатыр.

26 қыркүйекте Қазақстан бокс федерациясы World Boxing ұйымына қосылу үшін ресми өтініш берген болатын. World Boxing – 2023 жылдың сәуірінде құрылған халықаралық бокс федерациясы. Қазіргі таңда ұйым құрамына әлемнің 44 мемлекетіндегі ұлттық федерациялар енген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2180036-uade-beremin-golovkin-boksty-olimpiada-bagdarlamasynda-qaldyru-ushin-baryn-salatynyn-aitty/