Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Реформа жасалмайынша, әділдік болмайды": спорт сарапшысы бокстағы мәселелерді ашып айтты

Жарияланған күні:

Боксшы Санжарәлі Бегалиев
Боксшы Санжарәлі Бегалиев. Фото: instagram.com/boxingkazakhstan

Спорт сарапшысы Айдос Рымқұл World Boxing мен IBA ұйымдары, бокстағы бағалау жүйесі және тағы басқа мәселелер туралы сөз қозғады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазір әлемдік бокста World Boxing мен IBA ұйымдарының арасында бақталастық жүріп жатыр. Жақында Қазақстан World Boxing-нің толыққанды мүшесі болған еді. Айдос Рымқұл екі ұйым туралы не ойлайтынын айтты.

"Қалай алғанда да, IBA (бұрынғы AIBA) – бокс спортындағы халықаралық алғашқы ұйым. IBA 1 ғасырға жуық уақыт бойы үздіксіз Олимпиада бағдарламасы аясында бокс турнирін ұйымдастырып келді. Бірақ 2019 жылы бұл ұйым Олимпиадада боксқа жауапты ұйым қатарынан алынып тасталды, аяқ асты беделінен айырылды. Неге? Себебі ұйым әділетсіз шешімдерімен жанкүйерлердің көзіне түсе бастады, ашық саясат ұстанбауы әуесқой боксқа кесірін тигізді.

Ал World Boxing ұйымы – жаңа ұйым. Жаңа болса да амбициялары үлкен. 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарында бокс турнирін өткізуге мүдделі екендерін жасырмайды. Ұйымның Олимпиадалық комиссиясының төрағасы ретінде Геннадий Головкин таңдалды. Бокс әлемінде абыройы бар адамның тағайындалуы бұл ұйымның түпкі мақсатына жетпей қоймайтынын көрсетеді. Дегенмен келешегі уақыт еншісінде", - деді сарапшы.

Жақында қазақстандық боксшылар WB және IBA ұйымдастырған жастар арасындағы екі әлем чемпионатына да қатысты. Осы тұста "Қазақстан неге біреуіне тұрақтамады?" деген cауал туындайды. Айдос Рымқұл бұл мәселеге қатысты да пікір білдірді.

"Бір ұйымнан екінші ұйымға ауысу оңай процесс емес. Спортшылардың 2024 жылғы әр жарысқа қатысатын кестесі 2023 жылдың аяғы мен 2024 жылдың басында Спорт министрлігінің ресми күнтізбесіне енгізіліп, ведомство тарапынан бекітіледі. Оған сай әр жарыстың жол шығындарына қаражат бөлінеді. Негізі Қазақстан IBA ұйымдастырған Будвадағы турнирге басымдық бергені анық көрінді, 25 боксшымыз барды. Ал WB ұйымдастырған АҚШ-та өткен турнирге қатысу тез арада қабылданған шешім секілді. Өйткені еліміз бар-жоғы 4 боксшы апарды", - деді ол.

Айдос Рымқұлдың сөзінше, бокстағы бағалау жүйесін түбегейлі өзгертпейінше, қай ұйым болса да әділетті жарыс өткізеді дегенге сену қиын.

"Мәселен, мен 5-0 жүйесіне көшіргенді құп көрер едім. Бокста адами фактордың ықпалы қатты, ағылшындар бір-біріне жақтасса, мына жақта түркі елдері бір-бірін қолдап жататыны даусыз. Сол сияқты әртүрлі топқа бірлескен елдердің төрешілері өзіне жақын елдің спортшысына бүйрегі бұрады. Сондықтан бокстағы бағалау жүйесіне түбегейлі реформа жасалмайынша, 100 пайыз әділдік туралы айту әбестік болады", - деді спорт сарапшысы.

Сондай-ақ Айдос Рымқұл "Халықаралық Олимпиада комитеті 2028 жылғы Олимпиадада WB ұйымына бокс турнирін өткізуге мүмкіндік береді деп ойлайсыз ба?" деген сұраққа жауап берді.

"Отандасымыз әрі жаңа ұйымның Олимпиадалық комиссиясының төрағасы ретінде Геннадий Головкинді жоғары бағалаймын, әр қадамын ойлап басатын спорт функционері санаймын. Менің ойымша, егер WB-дің болашағы жоқ болса, жерлесіміз ұйымның Олимпиада комиссиясын басқаруға келіспес еді. Демек, келесі Олимпиадада бокс турнирін өткізуге WB-дың мүмкіндігі жоғары болғаны үшін іске білек сыбана кірісіп кетті. Мақсатына жетсе игі. Қалай алғанда да, жаңа ұйым боксшыларымыздың сағын сындырмай, "Қазақстан – бокс держевасы" деген абыройымызды қайтару жолында кедергі жасамайды деп сенемін", - деді Айдос Рымқұл.

Еске салайық, Қазақстан бокс федерациясы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарына іріктеу турнирі ретінде cаналатын 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізуге өтінім берген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2185719-reforma-zhasalmaiynsha-adildik-bolmaidy-sport-sarapshysy-bokstagy-maselelerdi-ashyp-aitty/