Бокстан жастар арасындағы әлем чемпионы Төрехан Сабырхан өзі туып-өскен ауылында спорт мектебін салуды армандайтынын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қазақстан бокс федерациясының YouTube желісіндегі ресми арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Махмұд ағаммен арманымыз бір. Ауылымызға заманауи, барлық құрал-жабдығы бар, бірнеше рингтен тұратын спорт мектебін салуды армандаймыз. Осы арманымызға жетеміз деп ойлаймын. Ең алдымен ол үшін әлем чемпионы болуым қажет. Ағам екеуіміз бірге әлем чемпионы атансақ, бұл арманымыздың да ауылы алыс емес деп санаймын.
Біздің ауылымызда спортқа қызығатын бала өте көп. Ауылымыздағы үш мектепте спортпен шұғылданатын балалар жетерлік. Спортзал балаға лық толы. Бір спортзалдың өзінде 80 бала жүреді. Кейбір балалар бокспен айналысқысы келеді, бірақ олар түрлі себептерге байланысты қолғап, спорт формасы секілді қажетті заттарды ала алмай жатады. Кейін спорт мектебін ашатын болсақ, ауыл балаларын осындай қажетті жарақтармен қамтамасыз еткіміз келеді", - деді Төрехан Сабырхан.
Еске салайық, Төрехан Сабырхан Будвада (Черногория) өткен әлем біріншілігінің финалында кубалық Давид Эспиноcа Сантояны жеңіп, 67 кг салмақ дәрежесінде алтын медаль еншілеген еді.
Төреханның ағасы Махмұд Сабырхан 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында топ жарған. Биыл Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарында 57 кг дейінгі салмақта бақ сынап, 1/8 финалда жеңіліп қалған болатын.
Сондай-ақ Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Черногорияның Будва қаласында және сол уақытта АҚШ-тың Пуэбло қаласында өткен бокстан жастар арасындағы әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттап, оларға халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын табыстады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2187225-mahmud-agammen-armanymyz-bir-bokstan-alem-chempiony-auylyndagy-ulken-maseleni-koterdi/