Спорт

Зектілері

Абылайхан Жүсіпов өзбек спортшысы жіберген өрескел қателіктен кейін Азия чемпионы атанды

Жарияланған күні:

боксшы
Абылайхан Жүсіпов: Қазақстан бокс федерациясы

IBA және ASBC ұйымдары 71 кг салмақта сынға түскен Абылайхан Жүсіповтың өзбек спортшысымен ақтық жарысын қайта қарап, оны Азия чемпионы деп таныды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ сайты Қазақстан бокс федерациясының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстан бокс федерациясы 11 желтоқсан күні Чианг Мэйде (Таиланд) өткен Азия чемпионатының ерлер арасында 71 кгсалмақ дәрежесіндегі финал бойынша IBA және ASBC ұйымдарына наразылық хат жолдады.

Ресми хабарламада Абылайхан Жүсіпов пен Хавасбек Асадуллаев жекпе жегінде өзбекстандық боксшы тарапынан спорттық ереже өрескел түрде бұзылғаны айтылады. Шаршы алаңдағы төреші Джована Угренович (Сербия) бұл сәтте ешқандай ескерту жасамағаны да сөз етіледі. Ал, Қазақстан тарапында ереже бұзылуына дәлел ретінде фото және видео материалдар да бар.

"Нәтижесінде IBA және ASBC ұйымдары осы салмақтағы ақтық сынды қайта қарастырып, келесі шешімге келді. 71 кгАбылайхан Жүсіпов Азия чемпионы деп танылaды, ал өзбекстандық боксшы белгілі мерзімге жарыстардан шеттетіледі", - делінген федерация хабарламасында.

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов Таиландтың Чиангмай қаласында өткен Азия чемпионатын қорытындылап, екі салмақ дәрежесіндегі нәтижелермен келіспейтінін хабарлады. Оныі ішінде 71 кг салмақта өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіповтың өзбек спортшысымен ақтық сыны сөз болды.

Бастапқы нәтиже бойынша бокстан Қазақстан ерлер құрамасының мүшесі Абылайхан Жүсіпов Таиландтағы Азия чемпионатында күміс жүлде алғанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2199942-qazaqstandyq-boksshy-abylaihan-zhusipov-ozbek-sportshysy-zhibergen-oreskel-qatelikten-keiin-aziia-chempiony-atandy/