
Бокстан 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев елге оралғанын хабарлап, өзіне жүктелген міндет туралы айтты. Ол бокстан ұлттық құрамының дамуына септігін тигізбек, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бақыт Сәрсекбаевтың Instagram желісіндегі парақшасында жазуынша, президенттің тапсырмасымен, спорт және туризм министрінің шақыруымен елге оралған.
"Маған министрдің берген тапсырмасы – ұлттық құрама жанынан резерв құрама құру. Бұйырса 12-19 ақпан аралығында 18-22 жас аралығындағы боксшылар арасынан резерв құрамаға іріктеу чемпионаты өтеді. Сол құрамада жүлделі орынды еншілеген жас боксшылар менің қоластымда жаттығуды бастайды.
Жалпы, бұл құраманы құру мақсатымызды түсіндіре кетсем. Мақсат – бірінің жалынан бірі тістеп тұрған, ұлттық құрамдағы барлық салмаққа бәсекелес/резерв дайындау. Қазіргі ұлттық құрама өзінің жағдайын Олимпиадада, Азия чемпионатында көрсетті. Спортшылардың бұлай әлсіреуі бәсекелестіктің жоқтығы. Өз салмағында текетіресіп тұрған мықты бәсекелесі болмаса, спортшы өспейді, босаңсып кетеді", - деді ол.
Сәрсекбаев өзі ұлттық құрамада болған жылдары Бақтияр Артаев, Серік Сапиев, Геннадий Головкин, Серік Елеуов, Қанат Әбутәліпов, Мейіржан Рахимжанов, Галиб Джафаров сынды кіл мықтылар өнер көрсеткенін айтады.
"Бір салмақта 5-6 мықтыдан болдық. Ұлттық құрама әкеңнің төрі емес екенін білеміз, еркелігің ешкімге керек емес, қалт етсең сенің орныңды басатын резерв толып жүр, тек жаныңды салып, тер төксең ғана дегеніңе жете аласың. Жыртылған аяқ киімді өзіміз тігіп алып, кірімізді өзіміз жудық. Жыртық матраста, бір бөлмеде 3-4 баладан жатып, Біркөліктің тау мен тасын кезіп жаттыққан сол құрама елімізге бірнеше Олимпиада/Әлем жеңімпаздарын берді", - деді ол.
Бақыт Сәрсекбаев Қазақстандағы бірнеше спорт базасын аралап көргенін, қазір жақсы жағдай жасалғанын атап өтті.
"Тіпті біз армандамаған нәрселер бар. Тек дайындал да, нәтиже көрсет. Қуантарлығы – талантты жастар баршылық, қынжытарлығы – бүгінгі бокстың стилі түбегейлі өзгеріп кеткен. Осы соңғы 10-15 жылда баяғы қазақ стилі 100 пайыз өзгеріске ұшыраған. Менің жаттығуларым жеңіл болмайтынын боксшылар біледі, сол үшін де маған жүрегінде түгі бар, көзінде оты бар, амбициясы биік, жаттығудан шаршамайтын балалар ғана келеді. Олимпиада чемпионы болам дегендер келеді. Ал мен болсам оларға баяғы қазақ стилімен, өз техникаммен бөлісіп, Олимп шыңына жеткізуге барымды салам", - деп сөзін түйіндеді ол.
Айта кетейік, Бақыт Сәрсекбаев бұған дейін Вьетнамда қызмет етіп жүрген еді. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Qazaqstan ұлттық телеарнасына берген сұқбатында Бақыт Сәрсекбаев пен Есбол Сұлтановты елге шақырып жатқандарын айтқан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2218743-elge-qaittym-qazaqstanga-oralgan-baqyt-sarsekbaev-zhanga-qyzmeti-turaly-malimdeme-zhasady/