Спорт

Зектілері

"Бақыт Сәрсекбаев пен Есбол Сұлтановты елге шақырып жатырмыз": спорт министрі шетелдегі бапкерлер туралы айтты

Жарияланған күні:

Ербол Мырзабосынов
Ербол Мырзабосынов. Фото: youtube.com/@erbolatmuhamedjan

ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Qazaqstan ұлттық телеарнасының "Жедел желі" бағдарламасына берген сұқбатында бапкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Кеше, 11 желтоқсанда Таиландтың Чиангмай қаласында өткен бокстан Азия чемпионаты өз мәресіне жеткен болатын. Қазақстан ерлер құрамасы сапынан финалға шыққан 9 боксшының 5-еуі күміс медаль еншілесе, 4-еуі алтынды қанжығасына байлаған болатын.

Ал әйелдер арасындағы жарыста Қазақстан құрамасы турнирдің медальдар есебінде көш бастады. Қазақстанның әйелдер құрамасының боксшылары 5 алтын, 5 қола жүлде жеңіп алды.

"Бокстан жеңілсек, халқымыз қобалжып, алаңдайды. Оның бәрін түсінеміз. Қазіргі уақытта әлемдік боксқа сай біз де жұмыстарға дұрыс қырынан қарап жатырмыз. Әрине, бұл нәрсені бір ғана бапкер шешпейді. Оның жанында ұлттық құраманың 7-8 бапкері бар. Биыл Олимпиададан кейін бокс федерациясы сол бапкерлердің бәрінің басын біріктірді.

Кеше боксты қарап отырмыз: қыздарымыз жақсы өнер көрсетті, ұлдарымыз 5 финалда жеңіліп қалды. Бұдан кейін талдау жүргізіліп, үлкен жұмыс атқарылатын болады. Бұл жерде тек бапкер ғана емес, спорттық ғылым, спорттық талдама, спорттық медицина секілді мәселелер бар. Осының бәрі жүйеленіп келгенде ғана нәтижеге жетеміз. Біздің түпкі мақсатымыз – Олимпиада болуы керек", - деді Ербол Мырзабосынов.

Сонымен қатар министр елдегі бапкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында халықаралық тәжірибені елге әкеліп жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ сырт елде бапкерлік қызмет атқарып жүрген Бақыт Сәрсекбаев, Есбол Сұлтанов секілді мамандарды да елге шақырып жатқанын айтты.

"Өзбекстанда өткен әлем чемпионатында бізде 4 алтын болған. Көршілес елдерде 5 алтын болды. Бірақ Олимпиадада бізде 1 күміс, көршілес елдерде 5 алтын болды. Біздің түпкі жоспарымызды осы бағытқа арнауымыз керек. Ал мына Азия, әлем чемпионаттары дайындық әдістемесі болуы қажет.

Бұл ақталу емес. Қазіргі таңда бапкерлерге көмектесу үшін біз халықаралық университеттердің тәжірибесін алып келдік. Сондай-ақ Бақыт Сәрсекбаев бауырым басқа елде қызмет атқарып жатыр. Біз қазір оны елге шақырып жатырмыз. Таеквондодан Олимпиада чемпионын дайындаған бауырымызды (Есбол Сұлтанов) шақырып жатырмыз", - деді Ербол Мырзабосынов.

Айта кетейік, Есбол Сұлтановтың жетекшілігімен таеквондодан Тунис құрамасы Париж Олимпиадасында 1 алтын, 1 қола медаль жеңіп алған еді.

Бақыт Сәрсекбаев 2008 Бейжіңде (Қытай) өткен Олимпиада ойындарында бокстан 69 кг дейінгі салмақ дәрежесінде чемпион атанған. Сондай-ақ ол үш мәрте Азия біріншілігінде топ жарған (2002, 2005, 2007). Қазіргі таңда ол Вьетнамда қызмет етіп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2199675-baqyt-sarsekbaev-pen-esbol-sultanovty-elge-shaqyryp-zhatyrmyz-sport-ministri-sheteldegi-bapkerler-turaly-aitty/