
Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов пен Олимпиаданың қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев ұлттық құраманың жаттығуына қашан оралатыны белгілі болды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Дзюдодан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменовтің айтуынша, Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев Ақтөбеде өткен Қазақстан чемпионатына қатысудан босатылған.
"Сметов пен Қырғызбаев келесі оқу-жаттығу жиынынан бастап командаға қосылуға тиіс. Олар біртіндеп бұрынғы бабына келе бастайды. Бізде жаттығу жиыны қаңтарда өтеді деп жоспарланып отыр. Ол Астанада болады және 9 қаңтарда басталады", - деді Cүлейменов.
Бас бапкер Қазақстан чемпионатының қорытындысына сәйкес, үздік үштікке енген дзюдошылар ұлттық құрамаға алынатынын айтты. Сондай-ақ 3-7 орынға жайғасқан спортшыларға қосымша мүмкіндік берілмек. Сүлейменовтің сөзінше, алда Токиода өтетін Grand Slam турниріне баратын құрама әзірге анықталмаған.
Еске салайық, Елдос Сметов келесі жылдың басында ағылшынша үйрену үшін төрт айға Лондонға (Ұлыбритания) оқуға баратынын айтқан еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2189505-eldos-smetov-pen-gusman-qyrgyzbaev-ulttyq-quramaga-qashan-oralatyny-belgili-boldy/