21 қыркүйекте футзалдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі соңғы матчын өткізді. Сол ойында қазақстандық футзалшы Арнольд Кнауб 6 мәрте Жаңа Зеландия қақпасынан саңылау тапқан. Сонымен қатар матчтың үздік ойыншысы атанды. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі әлем чемпионатында жасындай жарқылдап жүрген Арнольд Кнаубпен тілдесті.
– Жаңа Зеландияға қарсы ойында сіз 6 гол соқтыңыз, бірақ ФИФА тек 5 голды есепке алды. Пента-трик жасағаныңызға өзіңіз де таңғалып қалған сияқтысыз?
– Ойын барысында таңданыс болмады. Бірінші гол соқтым, содан кейін екіншісін, кейін өзімде тағы да соғуға мүмкіндік барын сезіп, үшінші, төртінші допты да қақпаға тоғыттым. Ал енді бір голдың есепке алынбағанына байланысты міндетті түрде ФИФА-ға апелляция береміз. Бұл гол менің есебіме жазылады деп үміттенемін. Допты қақпаға бағыттағанда рикошетке тиіп кетті, бірақ ол соққының бағытын өзгертті деп ойламаймын.
– Сол ойында Лео қызыл қағаз алып қалды. Леомен сөйлестіңіздер ме? Оның көңіл-күйі қалай?
– Иә, әрине Леомен сөйлестік. Бұл көңілге кірбің түсіретін сәт. Бірақ болары болды, бояуы сіңді, сондықтан біз осы жағдайға бейімделуіміз керек. Леоның жоқтығы біздің командамыз қиынға соғары сөзсіз. Алайда біз мұнда жеңіс үшін келдік, біз бір командамыз және қиын сәтте бір-бірімізге қолдау көрсетуге дайынбыз.
– Бірінші ойында Дәурен Тұрсағұлов қызыл қағаз алып қалды. Бір ойынға ғана шеттетілген оны ФИФА ережелерін демде өзгертіп, Жаңа Зеландияға қарсы матчқа да қатыстырмады. Бұл әлем чемпионатында төрешілер бізге салқын қарап жүргені ме?
– Қазіргі уақытта төрешілерге байланысты айтарлықтай мәселені байқамадым. Алайда кейбір сәттерді де айтып өтуіміз керек. Мысалы Қазақстан мен Испания арасындағы матчты футзалдан тәжірибесі жоқ Панама сынды елдің төрешілері басқарды. Мұндай жоғары деңгейдегі ойындарды Иран, Бразилия, Аргентина сияқты елдердің төрешілері жүргізуі керек деп есептеймін.
Жалпы алғанда, төрешілердің шешімдері әділ болды. Бірінші ойында Дәуренге қызыл қағаз берілді. ФИФА өз шешімдерін кешіктіріп қабылдағандықтан, біз Дәуреннің қанша ойынға шеттетілгенін соңғы сәтке дейін білмедік.
– Негізгі мақсат топтан бірінші орынмен шығу болатын. Бірақ бір ғана гол жетіспеді. Алдағы жоспарлар қандай? Медаль күтеміз бе?
– Иә, басты мақсат топтан шығу еді. Оның үстіне, топтан бірінші орынмен шығу команданың сенімділігін одан сайын арттырады. Әрине біз плей-оффта әлем чемпиондары Португалиямен ойнаймыз. Қалай бар – солай қабылдаймыз. Біз медаль үшін таласамыз. Бұл біздің өміріміздегі ең маңызды матчтардың бірі болатыны сөзсіз. Тіпті алаңда өліп кетуге дайынбыз.
– Сізді құрамада Арни деп атайды екен...
– Мені Арни деп бала күнімнен атайды. Бір жағынан алаңда Арнольд деп айғайлау да ыңғайсыз. Сондықтан мені бәрі Арни деп атайды.
– Сіздің басты жанкүйерлеріңіз кім?
– Қызым мен жұбайым – менің ең адал және ең басты жанкүйерлерім. Жұбайым мен қызым мені әрдайым қолдайды: плакатка суреттер салып, видеолар жасап мені жігерлендіруге тырысады. Олар әрқашан менің көңіл-күйімді сезеді, тіпті маған не қажет екенін де біледі. Бұл мен үшін ең маңызды нәрсе. Оларды қуантудан артық мотивация жоқ. Қызым үнемі "Әке, гол! Әке, гол!" деп айғайлайды, бұл маған үлкен мотивация береді.
– Осы әлем чемпионатына байланысты ұлттық құрама ойыншыларына арнайы сыйақы беріле ме? Әлде сіздер құрамада тегін ойнайсыздар ма?
– Егер белгілі бір жетістікке жетіп, мақсатты орындасақ, бізге сыйақы беріледі. Ұлттық құрама сапында ойнаудың өзі – үлкен мақтаныш. Біз ұлттық құрамада әрдайым тегін ойнаймыз, бірақ белгілі бір жетістікке жетсек, бізге сыйақы беріледі.
Айта кетейік, футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Өзбекстанда өтіп жатқан әлем чемпионатының 1/8 финалдық кезеңінде Португалияға қарсы кездесу өткізеді. Матч 26 қыркүйекте сағат 20:00-де басталады.
Ескерту: Сайттағы эксклюзив материалдарды көшіріп басу үшін редакцияның жазбаша рұқсатын (editor@corp.nur.kz электронды поштасы арқылы) алу керек! Сондай-ақ материалдың бірінші не екінші сөйлемінде KAZ.NUR.KZ порталына гиперсілтеме беру міндетті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2164813-ulttyq-quramada-tegin-oinaimyz-bir-oiynda-6-gol-soqqan-arnold-knaubpen-ekskliuziv-suqbat/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.