Футзалдан әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы плей-оффтың алғашқы сатысында әлем чемпиондары Португалияны жеңіп, бұл жарыста өздерінің мықтылығын дәлелдеді. Матч басталар тұста ұлттық құрама ойыншысы Әбдірасул Әбдіманапұлының әнұранды көзіне жас ала отырып орындауы талай жанның жүрегін шымырлатып жібергені анық. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі Қазақстан ұлттық құрамасының жас ойыншысы Әбдірасул Әбдіманапұлымен тілдескен болатын.
– Португалияға қарсы ойын қиын өткені көрініп-ақ тұр. Матч алдында, матчтан кейін қандай сезім болды?
– Португалияға қарсы ойын өте жақсы, тартысты өтті. Ойын басталмай тұрып өте үлкен жауапкершілік жүгін сезіндік. Ойыннан кейінгі сезім тіпті бөлек. Қуаныш, бізді қолдап келген жанкүйерлерге деген ризашылық, толқу, бәрі болды.
– Әнұран шырқалған кезде көз жасыңа ерік бердің. Осы сәтті баяндап берші. Әнұран жүрегіңді шымырлатып жіберді ғой деймін...
– Әнұран шырқалғандағы сезім… "Қазақ" деген халқымның атын көтеріп, әлем чемпионатында елімнің әнұранын шырқап тұру өте үлкен мәртебе. Қаншама жылғы бала кезден келе жатқан арман, діттеп келе жатқан мақсатыма деген соңғы қадамдар мені толқытты. Текті елдің ұрпағы екеніме, рухты халқымның азаматы екеніме қуаныш сезімі атойлағаннан шыққан көз жасы еді бұл. Қазақ елінің туын көтеру бағы бұйырғанына шүкіршілік жасадым.
– Ойыннан кейін бас бапкер Рикардо Кака не деді?
– Бас бапкер Кака мырза бізді барынша қолдап, демеп жатыр.
– Жанкүйерлердің қолдауын сезіндіңіздер ме? Жанкүйерлерден хат-хабар келіп жатыр ма?
– Сол күні әлеуметтік желіде менің әнұран орындап жатқан сәтімдегі видеолар тарады. Бұл видеоларға жанкүйерлердің жазған пікірлерін де оқып шықтым, барлығы қолдап жатыр, ешқандай«негативті теріс пікір жазған жанкүйер көрмедім. Бәрі де "қазақ деп соққан жүрегінен", "сенімен бірге қосылып жыладық", "біздің әнұранымыздың мәтіні де, мәні де, ырғағы да жүрекке жетеді" деген пікірлер қалдырыпты. Ойыннан кейін еліміздегі жанашыр ағаларымыз да хабарласып, кездесуге шақырып, жолығып, қолдап жатыр.
Айта кетейік, бүгін, 30 қыркүйекте Ташкентте футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионатының ширек финалында Аргентинаға қарсы кездесу өткізеді. Матч сағат 20:00-де басталады.
Ескерту: Сайттағы эксклюзив материалдарды көшіріп басу үшін редакцияның жазбаша рұқсатын (editor@corp.nur.kz электронды поштасы арқылы) алу керек! Сондай-ақ материалдың бірінші не екінші сөйлемінде KAZ.NUR.KZ порталына гиперсілтеме беру міндетті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2167501-tekti-elding-urpagy-ekenime-shukir-anuran-kezinde-kozine-zhas-algan-futzalshy-agynan-zharyldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.