Спорт

Зектілері

"30 жылда екі-ақ стадион салынды": cенатор Қазақстан футболындағы мәселелерді көтерді

Жарияланған күні:

Футбол добы
Футбол добы. Көрнекі фото: pexels.com

Сенат отырысында депутат Дархан Қыдырәлі Қазақстан футболын сынға алып, үкімет басшысы мен бас прокурорға сауал жолдады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Дархан Қыдырәлі соңғы кездері қазақ футболы төңірегінде дау көбейіп кеткенін айтты.

"Биылғы Қазақстан чемпионаты ел тәуелсіздігі жылдарындағы ең даулы маусымның бірі ретінде тарихта қалатын сияқты. Мысалы, соңғы минуттарда белгіленген пенальти арқылы тағдыры шешілген "Атырау" – "Ақтөбе", "Атырау" – "Астана" футбол клубтары арасындағы матчтар қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әйтсе де, жанкүйерлердің ашу-ызасын тудырған төрешілер туралы шешім қабылданғанын көрмедік. Селт еткен федерацияны да байқамадық. Мұнда жең ұшынан жалғасқан сыбайластық жатқан жоқ па?", - деді cенатор.

Сондай-ақ ол Қазақстан балалар футболында шешілмеген жайттар көп екенін, ауылдарда футбол мектептері тұрмақ, алаңдар жоғын атап өтті.

"Бір кездері бізбен деңгейлес болған, қазір командалары Олимпиада ойындары мен әлем, Еуропа чемпионаттарында көзге түсіп жүрген Грузия, Өзбекстан сияқты елдер балалар футболын қолдау, мамандар даярлау, инфоқұрылымды дамыту, бірыңғай жүйе қабылдау, футбол алаңдары мен стадиондар салу арқылы нәтижеге жеткені белгілі.

Елімізде осы 30 жылда екі стадион ғана салынған екен. Алайда қомақты сомаға салынған соның екеуі де, небәрі бір ойыннан кейін жабылып қалған "Түркістан Арена" да, "Астана Арена" да қайта күрделі жөндеуден өтті. Қалған стадиондар ескі көбі УЕФА талаптарының ең төменгі деңгейіне де сай келмейді. Ал кейбір өңірлер жыл аралап тозығы жеткен стадиондарын қайта күрделі жөндеуден өткізеді. Оның орнына осы қыруар қаржыға әрбір облыс орталығында талапқа сай стадиондар неге салынбайды?", - деді депутат.

Сонымен бірге Дархан Қыдырәлі бапкерлер мен легионердің айлығы туралы ақпарат ашық айтылмайтынын жеткізді.

"Командасы қарсыластар қақпасына бір гол сала алмай антирекорд жасап отырғанына қарамастан, Еуропаның топ құрамалары бапкерлерінен біразынан көбірек жалақы алатын ұлттық құраманың бас бапкерінің айлығы құпия. Көпшілігі жергілікті бюджетке байлаулы футбол клубтарындағы легионерлердің айлықтары да ашық айтылмайды. Осы ретте легионерлер лимит жоқ, биыл алынып тасталған. Кейде алаңда 11 шетелдік ойыншы жүреді.

Қазақстан футбол Федерациясының жылдық бюджеті 10 млрд теңге екен. Бұл қаражат қайда, қалай жұмсалып жатқаны туралы ашық ақпарат жоқ. Өңірлік филиалдарға 3-5 млн теңгеден бөлінетінін ескерсек, қалған қаражаттың есебі бар ма?"

Көптеген мемлекеттерде футболға қатысты арнайы заң қабылданын алға тартып, . Осы саладағы жүйесіздік пен жүгенсіздікті реттеу үшін бәлкім бізге де футбол туралы арнайы заң қабылдаудың уақыты келген шығар", - деді ол.

Еске салайық, осыған дейін мәжіліс депутаты Қазыбек Иса спорттағы мәселелер жайлы депутаттық сауал жолдаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2184453-30-zhylda-eki-aq-stadion-salyndy-cenator-qazaqstan-futbolyndagy-maselelerdi-koterdi/