
12 желтоқсанда Алматының Орталық стадионында өтетін "Астана" – "Челси" матчы қарсаңында шаһар полицейлері билеттерді сатуға қатысты алаяқтық әрекеттер болуы мүмкін екенін ескертеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
"Футбол матчына билеттерді алаяқтардан сақтану үшін тек ресми сауда орындарынан сатып алу керек екенін еске саламыз", - деді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі Басқармасының бастығы, полиция полковнигі Серік Шумаев.
Сонымен қатар матч күні Алматы полициясы күшейтілген жұмыс тәртібіне көшеді. Құқық қорғау органдары стадион аумағында және оған шектес аймақтарда қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салады.
Полиция футболсүйер қауымды билет сатып алуда мұқият болып, тексерілмеген орындардан сауда жасамауға шақырды.
Бұған дейін "Астана" – "Челси" матчы кезінде Алматы полициясы күшейтілген жұмыс режиміне көшетінін жазған болатынбыз. Қалалық полиция жанкүйерлерге стадионға ертерек келіп, кептеліс болмас үшін қоғамдық көлік пайдалануға кеңес берді.
Ал қоғамдық көлік, Алматы әкімдігі өкілдерінің хабарлауынша, матч кезінде азаматтар тегін қатынайтын болады.
Сонымен қатар көлік кептелісін болдырмау мақсатында стадионға жақын аумақтарда 12 желтоқсанда сағат 18:30-дан 00:00-ге дейін Абай даңғылының (Байтұрсынов көшесінен Мұқанов көшесіне дейін) қозғалысы шектеледі, Сәтбаев көшесі (Байтұрсынов көшесінен Байзақов көшесіне дейін) толық жабылатынын еске саламыз. Жақын маңдағы көшелерде патрульдік полиция бекеттері қойылады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2199012-almaty-politsiiasy-astana-chelsi-matchyna-qatysty-tagy-da-undeu-zhasady/