Қазақтан шыққан тұңғыш аралас жекпе-жек чемпионы Дәнеш Дүнгенбаев шәкірті Бекзат Алмаханның UFC-дегі алғашқы кездесуі туралы пікір білдірді. KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында Бекзаттың Умар Нурмагомедовке шамасы жететінін айтты.
– Дәнеш аға, кезінде "Найман" лақап атымен танылған Қуат Хамитовты, Қайрат Ахметовті жаттықтырдыңыз. Ал қазіргі таңда UFC промоушеніне қосылған Азат Мақсұм мен Бекзат Алмахан сияқты файтерлердің бапкерісіз. Бекзат UFC-дегі дебютін Хабибтің інісіне қарсы өткізеді. Осы жекпе-жек жайлы ойыңыз қандай? Алғашқы кездесу үшін қиын қарсылас емес пе?
– Бекзат – отбасылы жігіт. Сондықтан өте еңбекқор. 20-30 шәкіртімнің ішінде Бекзат тәртібімен ерекшеленеді. Уақытымен жаттығуға келеді және ешқашан кешікпейді. Ал оның UFC-мен келісімшарт жасасқаны кездейсоқ дүние емес. Өткен жылдан бері шетелге шығу үшін құжат жинағанбыз. Мақсатымыз UFC-де жұдырықтасу еді. Мен оған үнемі жаттығып, дайындалып жүр деп айтатынмын. Мүмкін басқа да лигалардан ұсыныс түсер, соны қабылдаймыз деп сөйлескенбіз. Сосын Саят Абдрахманов бізге Умар Нурмагомедовқа қарсы жекпе-жекке шығуға болады деп ұсыныс тастады. Біз бірден келістік. Себебі мен Бекзат Алмаханның деңгейін білемін. Умарға шамасы жетеді деп ойлаймын.
– Жекпе-жекке дайындық қалай жүріп жатыр?
Дайындық қызу жүріп жатыр. Қазір ғана Бекзаттың таңғы жаттығуынан шықтым. Кешке тағы бір жаттығуы бар. Жақын арада АҚШ-қа ұшып кетеді. Сол жерде дайындалатын болады. Алайда кішкентай қиыншылықтар бар. Уақыт өте тығыз. Шетелдің климатына бой үйреті үшін 1 апта ғана бар. Ал ондай үлкен жарыстарға 1 ай бұрын барған дұрыс. Бірақ Бекзатқа ол дүниеге назар аударма дедім.
– Умар Нурмагомедовке арнайы дайындалып жатырсыздар ма?
– Бекзаттың қарсыласы Умар Нурмагомедов тамаша файтер. Ресей емес, бүкіл әлем танитын спортшы. Бекзатқа үнемі сенде қазақтың рухы бар деп айтамын. Нурмагомедовтан (Умар) не үшін қорқасың деймін. Оның да сен сияқты екі қол, екі аяғы бар. Сондықтан октагонда ақылға салып өнер көрсетсең, кез-келген файтерді жеңуге болады деп оған кеңес айтып жатырмын. Бекзаттың жеңіспен оралатынына 100 пайыз сенімдімін.
Айта кетейік, Дәнеш Дүнгенбаев – қазақтан шыққан тұңғыш аралас жекпе-жек чемпионы. 1996-2005 жылдар аралығында ММА-дан әлем, Еуразия және ел чемпионаттарында топ жарған. KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында кезінде Хабиб Нурмагомедовты жеңіп кетер едім деген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2060757-umar-nurmagomedovke-samasy-zetedi-bekzat-almaxannyn-bapkeri-sakirtinin-ufc-degi-debyuti-zaily-aitty/