Белгілі актер Қабдолдаев Арнұр Octagon 55 турнирінде әзербайжандық файтерге қарсы жұдырықтасты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Алматыда өткен Octagon 55 турнирінде қазақстандық актер, блогер Қабдолдаев Арнұр (4-0-1) әзербайжандық кәсіпқой файтер Гейдер Гасимзадеге қарсы жұдырықтасты. Кездесу жоспарланған 3 раундқа созылды. Десе де жекпе-жектің бірінші раундында Арнұр қарсыласын нокдаунға жіберді. Бірақ мерзімінен бұрын жеңе алмады. Жекпе-жектен кейінгі сұхбатта Арнұр кездесу кезінде қолын сындырып алғанын мәлімдеді.
"Иә, қолымды сындырып алдым. Бірақ берілмедім. Барлық 3 раунд бойы жұдырықтасып шықтым. 2-раундтың басында сындырып алғанымды сездім, бірақ өзімнің басымдылығымды көрсетіп жеңіспен кеткім келді. Не болса да берілмейміз", – деді Қабдолдаев Арнұр.
Нәтижесінде 3 раундқа созылған жекпе-жек тең аяқталды. Осыған дейін Арнұр 4 кездесу, ал қарсыласы 3 кездесу қатарынан жеңілмей келе жатқан еді.
Еске салайық, осыған дейін Octagon лигасының файтері Бекзат Алмахан UFC промоушеніндегі дебютін Умар Нурмагомедовке қарсы өткізетінін жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2062340-qolym-synsa-da-sagym-synbasyn-qazaqstandyq-tanymal-akter-kasipqoi-faitermen-zudyryqtasty/