UFC-де өнер көрсеткен алғашқы өзбекстандық файтер Махмұд Мұрадов күтпеген жерден промоушеннен шығып қалды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
34 жастағы өзбекстандық файтер Махмұд Мұрадов 2019 жылы UFC лигасымен келісімшарт жасасқан еді. Осы уақыт аралығында барлығы 7 жекпе-жек өткізіп, 4 рет жеңіске жеткен. Аталмыш промоушен аясындағы соңғы кездесуі 4 ақпанда болды. Алайда жұдырықтасу кезінде Махмұд жарақат алып қалып, жекпе-жек аяқталмаған еді.
Десе де өзбекстандық файтер 14 наурызда Instagram желісіндегі ресми парақшасында лигамен жаңа келісімшартқа отырғанын мәлімдеген болатын.
Алайда бүгін, 3 мамырда күтпеген жерден промоушеннен шығып қалғанын хабарлады.
"Бүгіннен бастап UFC-дің файтері емеспін. Мен де сіздер сияқты бұл жаңалықты бүгін естіп отырмын. Таңғалғаным рас. Менеджеріме жаздым. Не болатынын көреміз. Десе де көңіл-күйім түскен жоқ. Не себеп болғанын анықтап алған соң, жоспар құрамыз. Өмір жалғасады, бұл жәй ғана спорт ғой. Қолдауларыңыз үшін рақмет. UFC-де болмасам да, мансабымды аяқтаған жоқпын Жарты сағаттың ішінде 3-4 жаңа ұсыныс келді", – деді Махмұд Мұрадов.
Еске салайық, Octagon аралас жекпе-жек лигасының президенті, промоутер және менеджер Нұраддин Садықов келешекте UFC турнирі Қазақстанда өтуі мүмкін екенін айтқан еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2095307-ozim-tanggalyp-otyrmyn-ufc-dagy-algashqy-ozbek-faiteri-kutpegen-zherden-promoushennen-shygyp-qaldy/