
Қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновтың бұрынғы бапкері Баян Жанғалов шәкіртіне UFC белбеуі үшін жекпе-жектен кейін мансабын аяқтауды ұсынды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Youtube-тегі SauBall арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Мен оған қандай да бір атақ немесе даңқ қууға кеңес бермес едім. Егер ол чемпиондық белбеуді жеңіп алса, демалуы керек. Себебі жарақаттары аз емес. Әлі жас кезінде қарапайым өмірге оралып, отбасымен уақыт өткізіп, өмірден ләззат алса деймін. Шавкаттың қазір төрт баласы бар.
Мен оған чемпиондық белбеуді қорғауға шығуды да ұсынбас едім, бірақ бұл оның таңдауы. Өзі және командасы қалай шешім қабылдайды, солай болады. Бірақ мен оған мансабын аяқтауға кеңес берер едім. Меніңше, оның чемпион атанғаны да жеткілікті болады", - деді Баян Жанғалов.
Еске салайық, Шавкат Рахмонов 8 желтоқсанда АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен UFC 310 турнирінде ирландиялық файтер Иэн Мачадо Гэрримен жекпе-жекке шығып, қарсыласынан төрешілердің бірыңғай шешімімен басым түскен еді. Бұл оның аралас жекпе-жектегі 19, ал UFC-дегі 7-жеңісі болды.
Рахмонов бұрынғы бапкері Жанғаловтың жетекшілігімен MMA-дан әуесқойлар арасында әлем чемпионы атанды, M-1 Global лигасында чемпион атағын жеңіп алды және UFC-де өнер көрсете бастады. Биыл жазда Шавкат бапкеріне жаңа көлік сыйлаған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2198910-mansabyn-aiaqtagany-durys-shavkat-rahmonovtyng-buryngy-bapkeri-shakirtine-kenges-berdi/