jitsu gif branding logo appbranding logo app

    Қазақстан құрамасының Олимпиада ойындарындағы киім үлгісі қалай өзгерді

    Қамшыбек Қоңқабаев және Ольга Рыпакова
    Қамшыбек Қоңқабаев және Ольга Рыпакова. Фото: olympic.kz

    26 шілдеде Франция астанасы Парижде жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Қазақстан делегациясының мүшелері парадтық костюм киіп, Сена өзенінің бойымен шеру жасайды. Бұған дейінгі Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар әртүрлі үлгідегі киіммен шыққан, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    Қазақстан тәуелсіз ел ретінде алғаш рет жазғы Олимпиадаға 1996 жылы қатысты. АҚШ-тың Атланта қаласында өткен байрақты бәсекенің ашылу салтанатында біздің спортшылар ту түстес көк костюм, ақ шалбар мен ақ қалпақ киіп шықты. Ал делегацияны боксшы Ермахан Ибраимов бастап жүрді.

    2000 жылы Аустралияның Сидней қаласында өткен жазғы Олимпиадада қазақстандық спортшылардың киімі айтарлықтай өзгерген жоқ. Бұл жолы да Ермахан Ибраимов көк туымызды желбіретіп шықты.

    Ермахан Ибраимов
    Ермахан Ибраимов. Фото: instagram/ibraimov.ermakhan

    Грекия астанасы Афинада 2004 жылы жалауын түрген Олимпиадаға еліміздің спортшылары бұрынғыдай ақ қалпақ және көгілдір түсті киіммен барды. Осы додада дзюдошы Асхат Жіткеев Қазақстан туын ұстап шықты.

    2004 жылғы Қазақстан құрамасы
    2004 жылғы Қазақстан құрамасы. Фото: JACQUES DEMARTHON/AFP

    2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында қазақстандық олимпиадашы жігіттер ақ костюм мен сұр шалбар, ал әйелдер ақ пиджак пен қызғылт-сары белдемше киіп шықты. Күллі әлем көз тіккен додада байрағымызды алып жүру мәртебесі ауыр атлет Бақыт Ахметовке берілді.

    2008 жылғы Қазақстан құрамасы
    2008 жылғы Қазақстан құрамасы. Фото: olympic.kz

    2012 жылы Лондонда өткен Олимпиадада еліміздің атлеттері үсті ақ, асты аспан көк түсті спорттық киіммен шықты. Бұл кезде ту ұстау құрметіне грек-рим күресінің балуаны Нұрмахан Тінәлиев ие болды.

    2012 жылғы Қазақстан құрамасы
    2012 жылғы Қазақстан құрамасы. Фото: SAEED KHAN/AFP/GettyImages

    2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында жалауын түрген Олимпиадада Қазақстан құрамасының жігіттері қою көк түсті костюм мен ақ шалбар, ал әйелдер қою көк белдемше мен ақ күртеше киді. Олимпиаданың ашылу салтанатында таеквондошы Руслан Жапаров еліміздің спортшыларын бастап жүрді.

    2016 жылғы Қазақстан құрамасы
    2016 жылғы Қазақстан құрамасы. Фото: olympic.kz

    Токио-2020 Олимпиадасының ашылу салтанатында қазақстандық спортшылар қою көк түсті костюммен жүріп өтті. Forbes журналы спортшыларымыздың формасын ең сәнді киімдердің бірі деп бағалады. Салтанатты шарада көк туды боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен жеңіл атлет Ольга Рыпакова ұстап шықты. Олар киген қазақы нақыштағы ақ түсті ұлттық киім күллі әлемнің назарын аударды. Кейін бұл киім Ұлттық музейдің қорына табысталды.

    Қамшыбек Қоңқабаев пен Ольга Рыпакова
    Қамшыбек Қоңқабаев пен Ольга Рыпакова. Фото: BEN STANSALL/AFP via Getty Images

    Ал 26 шілдеде басталатын Париж Олимпиадасына спортшыларымызға классикалық үлгідегі ыстық күні киюге ыңғайлы жеңі қысқа киім тігілген. Ту ұстап шығатын боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафроноваға арнайы парадтық костюм әзірленген . Шымбергенов ұлттық ою-өрнекпен әсемделген үзін етекті киім мен шалбар, басына бөрік киеді. Ал Ольга Сафронова ұзын жеңді көйлек, сондай-ақ Томирис патшайымның сәукелесіне ұқсас бас киіммен шығады.

    Қазақстан құрамасының Олимпиада ойындарындағы киім үлгісі қалай өзгерді

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.