Спорт

Зектілері

Азия ойындарында 29 жылдан кейін әкесінің жетістігін қайталаған спортшы туралы не білеміз (фото)

Жарияланған күні:

Константин Борцов
Константин Борцов. Фото: Турзим және спорт министрлігі

Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан IX қысқы Азия ойындарында шаңғышы Константин Борцов 29 жылдан кейін әкесінің жетістігін қайталады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Турзим және спорт министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Министрліктің мәліметінше, Константиннің әкесі әрі жеке жаттықтырушысы – Владимир Борцов та осыдан дәл 29 жыл бұрын, яғни 1996 жылы Харбинде өткен III қысқы Азия ойындарында шаңғыдан күміс медаль жеңіп алған.

Сол жылы Владимир Борцов тек күміс медальмен шектеліп қоймай, алтын және қола медаль олжалаған.

Марапаттау рәсімінде Константин Борцов бұл – әкелі-балалы үшін ерекше әрі тарихи сәт екенін атап өткен. Ол өзінің жетістігіне әкесінің кеңестері мен қолдауының арқасында жеткенін, сонымен қатар әкесінің спорттық жолын жалғастырып келе жатқанын мақтан тұтатынын айтқан.

Ал еліміздің танымал шаңғышысы Владимир Борцов ұлының бұл жетістігі тынымсыз еңбектің жемісі екенін айтады.

"Әрине, эмоцияларды сөзбен жеткізу қиын. Оның үстіне, араға біраз уақыт салып, тарихтың қайталануы ерекше сезім сыйлайды. Ұлымды жеңіс тұғырынан көргеніме қуаныштымын. 30 жыл бұрын, мен дәл осы орында тұрдым, ал қазір – менің ұлым, менің шәкіртім.

Ол бұл жетістікке жету үшін өте көп еңбек етті, жанын салды, осы биікті бағындыруды мақсат тұтты. Біз осында келе жатқанда, әңгіме барысында: "Мүмкін, тарих қайталанар", - дедім. Костя: "Жарайды, байқап көреміз", - деп жауап берді. Нәтижесінде, дәл солай болды. Мен өте бақыттымын, ерекше сезімдемін.

Өз ұлыңды жаттықтыру – екі есе қиын. Үнемі эмоциялар, мінез-құлыққа байланысты қиындықтар, кейде реніштер болады. Бірақ қандай жағдай болса да, мен оған әрдайым түсіндіруге тырысамын: бұдан басқа жол жоқ, табысқа жету үшін еңбек ету керек. Иә, бұл өте ауыр еңбек, бірақ оның нәтижесі бар. Жүлдеге жету үшін спортшылар өз өмірін арнайды", - деді Владимир Борцов Ұлттық Олимпиада комитетінің тілшісіне берген сұқбатында.

Естеріңізге сала кетсек, шаңғымен сырғанаудан ерлер арасындағы спринт жарысында Константин Борцов үшінші орыннан көрінген еді.

Алайда екінші келген Жапония спортшысының ереже бұзғаны анықталып, отандасымызға күміс жүлде табысталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/olympiad/2219328-aziia-oiyndarynda-29-zhyldan-keiin-akesining-zhetistigin-qaitalagan-sportshy-turaly-ne-bilemiz/