"Бәріміздің басымыздан өткен": Бақыт Сәрсекбаев Михаил Шайдоровқа ағалық ақылын айтты
Жарияланған күні:
Бокстан Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев желідегі парақшасында қысқы Олимпиада ойындарында топ жарған қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровқа арнайы құттықтау жолдап, ағалық ақылын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Боксшы жас чемпионның жеңісін жоғары бағалап, өз тәжірибесін бөлісті.
"Жарадың, Миша! Олимпиада чемпионы болудың оңай емес екенін, қиын да ауыр жолдан өтпей, алтын жоқ екенін дәлелдедің! Сен өткен жолдан мен де өткенмін, басқа да Олимп шыңын бағындырған ағаларың да өткен. Талай рет көкірегімнен итеріп, аяғымнан шалғандар болған. Талай рет сынып кететіндей кездер болған, соған сынбағанымның арқасында арманыма жеттім. Сенің де бес жыл бұрын көргеніңді біреулер жарыса жазып жатыр ғой, жерден жеті қоян тапқандай. Бәріміздің басымыздан өткен… Сол бес жыл бұрынғы басшылардан да қайыр көрген жоқпыз", - дейді ол.
Бақыт Сәрсекбаев соңғы жылдары қазақ спорты еңсесін тіктеп келе жатқанын атап өтті.
"Аллаға мың шүкір, одан бері заман өзгеріп, басшылар ауысып, спорттың көзі ашылды. Қазақ спорты еңсесін көтеріп, әрбір жарыстан жақсы жаңалықтармен оралып жүрміз. Сенің де Олимпиада шыңын бағындыруыңа көптеген адамдардың септігі тигенін, тек спортшылар ғана түсінеді. Әлі жассың ғой, әлі де алар асуың көп, келесі Олимпиада алтынын да сыйларсың бізге", - деп жазды атақты боксшы.
Ол сондай-ақ спортшыға сабыр сақтап, даңқ пен сынға бірдей дайын болуға кеңес берді.
"Мишабай – Мәке, кешегі күн сенің күнің, сенің екінші туылған күнің! Бұл күн қайтып келмейді, және ұзаққа да созылмайды. Қазіргі көкке көтерген халық, сәл шалыссаң, жүндей түтеді, басымыздан өткен. Бауырым, аңқылдаған түріңді көріп, жүрегім езіліп қуандым, осы қалпыңда қал! Кешегі тырнақ астынан кір іздеген бәлеқорларға ерме, ешкімнің жетегінде кетпе! Түн баласы ұйқы көрмей, сенің тілеуіңді тілеген халқыңның қуанышын су сепкендей еткісі келген лаңкестерден аулақ бол! Қош келдің Мәке, қатарымызға! Сәлеммен Бәке!" - деп жазды боксшы.
- "Ақордаға бару – арманым": Шайдоров Тоқаевпен кездесуді асыға күтіп жүргенін айтты
- Шорт-трекшілер Абзал Әжғалиев пен Денис Никиша Олимпиада ойындарының ширек финалына шықты
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/olympiad/2344445-barimizding-basymyzdan-otken-baqyt-sarsekbaev-mihail-shaidorovqa-agalyq-aqylyn-aitty/