Батуттағы гимнастикадан ел намысын қорғаған қазақстандық спортшы Данил Мусабаев Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Данил Мусабаев батуттағы гимнастикадан ерлер арасында финалда 57.270 ұпай жинап, екінші орынға табан тіреді.
Осылайша қазақстандық спортшы ел қоржынына оныншы күміс жүлдені салды.
Тағы бір отандасымыз Пирмамад Алиев бұл жарыста жетінші орынды иеленді.
Айта кетейік, 3 қазан Қазақстан құрамасы үшін жүлделерден басталды.
Алдымен тас жолдағы велоспорттан ел намысын қорғаған Рината Сұлтанова қола жүлдегер атанса, ағайынды Емельяновтар каноэде есуден жұптық сында күміс жүлдеге ие болды.
Сондай-ақ Мария Бровкова да ел қоржынына медаль салды. Ол 200 м қашықтыққа каноэде есуден жекелей сында үшінші (49.368 секунд) болып, Азия ойындарының қола жүлдесін жеңіп алды.
Әйелдер арасында каноэде есуден жұптық сында Маргарита Торлопова мен Ульяна Киселева Азия ойындарының күміс жүлдесін иеленді.
Оған қоса тасжолдағы веложарыста сынға түскен ұлттық құраманың көшбасшысы Алексей Луценко топ жарып, Азиаданың алтын жүлдегері атанды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2039324-batuttagy-gimnastika-danil-musabaev-aziya-oiyndarynyn-kumis-zuldesin-zenip-aldy/