Отандық велошабандоз Евгений Федеоров велоспорттан топтық жарыста мәре сызығын бірінші болып кесіп, Азия ойындарының алтын жүлдегері атанды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Тас жолдағы велоспорттан 207.7 шақырымға созылған топтық сайыста Азия ойындарына бірінші рет қатысқан 23 жастағы Евгений Федоров топ жарды.
Спортшы ел қоржынына алтыншы алтын медальді салды. Осы жарыстың күміс жүлдесі тағы бір қазақстандық велоспортшы Алексей Луценкоға бұйырды.
Айта кетейік, Евгений Федоров 2018 жылы жасөспірімдер арасында олимпиада чемпионы атанып, 2019 жылы ересектер арасына өтті.
4 жыл ішінде отандасымыз 23 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионы, 4 дүркін Азия жеңімпазы деген атақты иеленген
Айта кетейік, Ханчжоудағы Азия ойындары 8 қазанға дейін жалғасады.
Бүгін Азия ойындарында ел намысын қорғап жатқан екі спортшы финалға жолдама алды.
Нұржан Батырбеков Азия ойындарының жартылай финалында джиу-джитсудан 2022 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері кореялық Чо Сон-хенді сабмишн әдісімен жеңіп, финалға шықты. Ақтық сында ол Біріккен Араб Әмірліктерінің спортшысымен кездеседі.
Сондай-ақ каратэден Қазақстан атынан шыққан Нұрқанат Әжіқанов жартылай финалда малайзиялық қарсыласынан басым түсіп, финалға өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2039676-evgenii-fedorov-velosporttan-aziya-oiyndarynyn-altyn-zuldegeri-atandy/