Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Күйеуім жылап жіберді": әлем чемпионатында жүлде алған каратэші жұп жайлы не білеміз

Опубликовано:

Дидар мен Мөлдір
Дидар мен Мөлдір. Фото: отбасының жеке мұрағатынан

Биыл Будапештте WKF каратэден өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы үш медаль иеленіп, үздік нәтижеге қол жеткізді. Әлемдік додада 50 келіде бақ сынаған Мөлдір Жаңбырбай ел тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы атанды. Ал Мөлдірдің жолдасы Дидар Әмірәлінің дәл сол біріншілікте қола медальді қанжығалағанын бірі білсе, бірі білмейді. KAZ.NUR.KZ тілшісі ерлі-зайыпты спортшылармен сұхбаттасып қайтты.

- Дидар, Мөлдір, алдымен әлем чемпионатындағы жүлделі орындарыңыз құтты болсын дейміз. Әлем чемпионаты қалай өтті?

Мөлдір: Әлем чемпионаты мен үшін өте жоғары деңгейде өтті. Жалпы бұл - мен қатысқан үшінші әлем чемпионаты. 2015 жылы 7-орын, 2021 жылы 5-орын алдым. Міне, 2023 жылы чемпион атандым. Өз дайындығыма байланысты еш қарсыластан қинала қоймадым, өзіме сенімді болдым.

Дидар: Әлем чемпионаты мен үшін де жоғары деңгейде өтті. Негізі дайындығымыз жоғары деңгейде болды, тек жартылай финалда дұрыс тәсіл қолданбадым.

- Мөлдір, каратэ бойынша Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атандыңыз. Құттықтаулар әлі де жалғасып жатқан шығар. Қандай сезімде жүрсіз?

Мөлдір: Иә, Аллаға шүкір, тұңғыш әлем чемпионы атандым. Құттықтаулар әлі де жалғасып жатыр. Түрлі бағдарламаға шақырып, сұхбат алып жатыр. Бірақ мен эмоциямды көп көрсете бермеймін. Өзім жай халықаралық турнирде жеңіске жеткендей сезімде жүрмін. Мүмкін біршама уақыттан соң қабылдай алатын шығармын.

Мөлдір Жаңбырбай
Мөлдір Жаңбырбай. Фото: жеке мұрағатынан

- Биыл каратэден әлем чемпионатында Қазақстан үш медаль иеленіп, жалпы есепте 5-орынға тұрақтады. Мұндай тарихи көрсеткіштің себебі неде деп ойлайсыздар?

Дидар: Қазақстанда каратэ өте қарқынды дамып келеді. Мәселен, бұрын біз жылына 1-2 рет дайындалатынбыз. Ал қазір ай сайын жиналамыз. Оның үстіне бізбен бапкер де, психолог та, дәрігер де жұмыс істеп жүр. Мемлекет тарапынан да қолдау артуда. Осыған дейін тек Әлем чемпионаты, Азия біріншілігі және Қазақстан чемпионатына қатысатынбыз. Халықаралық жарыстар да өте аз еді. Ал қазір бір жылда кем дегенде 10 халықаралық жарысқа барамыз. Әр додадан тәжірибе жинап келеміз. Бұл да каратэнің дамуына өз септігін тигізіп жатыр.

- Қазір әлемдік рейтингіде нешінші орында тұрсыздар?

Мөлдір: Қазір Дидар екеуміз де үшінші орында тұрмыз. Мен бала күтіміне байланысты демалыс алып, қазір өз орныма оралдым. Келесі жылы әлемдік рейтингіде 1-орынға жайғасуға тырысамыз. Жалпы биыл біз Азия ойындарына да қатыстық. Бұл додадан мен күміс, Дидар қола медаль иеленді. Жолдасым 2018 жылы Азия ойындарының күмісін қоржынына байлаған. Ал әлем чемпионатынан екеуміз де алғаш рет медаль алып отырмыз. Жалпы бала күтіміне байланысты демалыстан кейін еш жарыстан жүлдесіз қайтпаппыз.

- Керемет нәтиже. Ал дәл осы спорт түріне қашан және қалай келдіңіздер?

Мөлдір: Мен кішкентайымнан ер балалармен көп ойнап, төбелеске жақын болып өстім. Солай мектеп жанынан ашылған каратэ секциясына 10 жасымнан қатыстым. Дәл каратэ деп сүйсініп таңдамадым, реті солай келді. Тағдыр ғой. (күледі)

Дидар: Менің әкем - каратэден бапкер. Бұл спортқа келуіме де сол кісі себепкер дей аламын. Бастапқыда әкем таэквондоны да, дзюдоны да көрсетті. Бірақ өз таңдауым каратэге түсті.

Дидар мен Мөлдір
Дидар мен Мөлдір. Фото: отбасының жеке мұрағатынан

- Дидар, Мөлдір екеуіңіздің ерлі-зайыпты екеніңізді бірі білсе, бірі білмейді. Спорттағы жұлдызды жұп қашан және қалай танысты?

Дидар: Мөлдір екеуміз бала кезімізден жарыстарда кездесетінбіз. Бір-бірімізді танысақ та, амандаспайтынбыз. Тек 2018 жылы дайындықтардың бірінде сөйлесе бастадық. Сол кезде психолог келіп, арнайы сахна әзірлеуді тапсырған еді. Ойда-жоқта Мөлдір екеуміз жұп атанып, рөл ойнап шықтық. Содан 9 ай бойы ұнатып, көңілін аулап жүрдім. Кейіннен жұп атанып, 2021 жылы тамыз айында шаңырақ көтердік. Бүгінде кішкентай қызымыз бар, ата-анамызбен Қонаев қаласында тұрамыз.

Дидар Әмірәлі
Дидар Әмірәлі. Фото: жеке мұрағатынан

- Спорт табыстырған жұп жарыста бір-біріне қалай қолдау көрсетеді? Жалпы осы жетістіктеріңіз бір-біріңізге көрсеткен қолдаудың нәтижесі дей аламыз ба?

Мөлдір: Әрине. Көбіне жарыс пен дайындыққа барғанда мен қызымды сағынып, жылап қаламын. Сондай сәттерде Дидар мені жұбатып, қолдап отырады. Ал өзім жолдасым салмақ қуатын кезде ақыл-кеңесімді айтып, мотивация беремін. Жарыста да бір-біріміз үшін қатты уайымдаймыз.

Мысалы, әлем чемпионатының финалына шыққанда күйеуім қуанғаннан жылап жіберді. Өзім сонда Дидардың жылағанын өмірімде екінші рет көрдім. Алғашында карантинде анасы ауырғанда көзіне жас алған еді. Сол сәтте жолдасымның қолдауын қатты сезіндім.

- Каратэден Қазақстан құрамасында әріптестеріңіз сүйсінетін жұп сияқтысыздар. Жалпы отбасылық бақытты қалай сақтайсыздар? Арнайы ережелеріңіз жоқ па?

Мөлдір: Біздің командамыз - екінші отбасымыз. Көбіне уақытымыз үйге қарағанда дайындықта, әріптестеріміздің қасында өтеді. Қазір қызымыз да сол ортаға үйренісіп келе жатыр. Өйткені оны жарыстарға көп ілестіруге тырысамыз. Әріптестеріміз оған үнемі қарайласып жүреді.

Жалпы ешқандай ережеміз жоқ. Тек бір-бірімізді сыйлаймыз, бәрін әңгімелесу арқылы шешеміз, ауыр сөйлемеуге тырысамыз. Әрдайым татумыз, арамызда ұрыс-керіс жоқ. Тек жаттығу алаңында төбелесеміз. (күледі).

- Ал жалқаулыққа бой алдырған сәттерде бір-бірлеріңізді қамшылайсыздар ма? Жалпы ондай сәттер бола ма?

Мөлдір: Әрине, жалқаулыққа бой алдыратын сәттер болады. Бірақ бұл-біздің жұмысымыз. Жарыстағы нәтиже дайындыққа тікелей байланысты екенін түсінеміз. Бала кезімізде бапкер ұрыспасын деп жаттығу жасайтынбыз, қазір бәрі өзімізге керек екенін түсінеміз. Үйде де бірге дайындаламыз. Бір-бірімізге команда ретінде қателіктерімізді айтып отырамыз.

- Осы спорт саласында іздеріңізден ерген жас буынға қандай кеңес бересіздер?

Мөлдір: Жалпы нәтиженің 1 пайызы таланттан, 99 пайызы еңбектен келеді. Сондықтан тек еңбектену керек. Қазір елімізде жағдай жасалған. Біз оны айтып та жүрміз. Өйткені шетелдік спортшылардың арасында өз қаражатына дайындалып, жарысқа келетіндер бар. Жалақы алмайтындар да жоқ емес. Ал бізде бәрі қарастырылған. Тек қызығушылығы, талпынысы болса жеткілікті.

- Алдағы жоспарларыңыз қандай?

Мөлдір: Жыл соңында Қазақстан чемпионатына қатысамыз. Ал келесі жылдың жоспарын жаттықтырушылар айтады. Әзірге жарақаттарымызды емдеп, денсаулығымызға көңіл бөлеміз.

- Рақмет!

Мөлдір: Сіздерге де рақмет!

Сұхбаттасқан Ұлжан Ибраим

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2046591-kuieuim-zylap-ziberdi-alem-cempionatynda-zulde-algan-karatesi-zup-zaily-ne-bilemiz/

pixel