Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шолу: қазақстандық спортшылар өткен аптада қандай жеңіске жетті

Опубликовано:

Қазақстандық сәйгүлік Кабирхан
Қазақстандық сәйгүлік Кабирхан. Фото: facebook.com/redstablesdubai

Өткен аптада боксшылар, теннисшілер және өзге де қазақстандық спортшылар жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Туризм және спорт министрлігінің Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бәйге

12 қаңтарда Дубайдағы Мейдан ипподромында өткен бәйгеде қазақстандық сәйгүлік Кабирхан мәре сызығын бірінші болып кесті. Сәйгүліктің иесі Тілек Мұханбетқалиев жеңістен кейін қандай сезімде болғанын айтқан еді.

Стенд ату

Мария Дмитриенко
Мария Дмитриенко. Фото: olympic.kz

Кувейтте стенд атудан Азия чемпионаты өтіп, қазақстандық спортшылар жеті медаль жеңіп алды. Әлішер Айсалбаев пен Мария Дмитренко трап бағдарламасының жұптық сынында топ жарса, дәл осы бағдарламаның жастар сайысында Қазақстан құрамасы үздік шықты. Сондай-ақ скит бағдарламасы бойынша Қазақстан жастар құрамасы Азия чемпионы атанды. Жекелей сында Илья Пеньков, Мария Дмитриенко оза шапса, трап және скит бағдарламасының командалық сайысында Қазақстан әйелдер құрамасы қола жүлдеге ие болды.

Шорт-трек

Алтай Жәрдембекұлы
Алтай Жәрдембекұлы. Фото: kazsports.kz

АҚШ-тың Юта штатында (Солт-Лейк-Сити) конькимен жүгіруден 4 құрлық чемпионаты өтті. Командалық спринтте Қазақстан ерлер құрамасы күміс жүлдегер атанды. Алтай Жәрдембекұлы, Евгений Кошкин, Никита Важенин мен Артур Галиев (резервте) квартеті Канада құрамасынан кейін екінші орынға жайғасты. Үздік үштік Оңтүстік Корея конькишілерімен толықты.

Бокс

Ертуған Зейнуллинов
Ертуған Зейнуллинов. Фото: olympic.kz

Мажарстанның Дебрецен қаласында бокстан Иштван Бочкай атындағы турнирде қазақстандық спортшылар бес алтын және төрт күміс медаль жеңіп алды. Асхат Жүсіпов (48 кг), Асылжан Серікбай (57 кг), Бeйбарыс Жексен (60 кг), Ертуған Зейнуллинов (63,5 кг) және Ерасыл Жақпеков (80 кг) чемпион атанса, турнирдің күміс медаліне Даниял Сәбит (51 кг), Кенже Мұратұлы (54 кг), Сабыржан Аққалықов (71 кг) және Темірлан Мұқатаев (86 кг) ие болды.

Үстел теннисі

Кирилл Герасименко
Кирилл Герасименко. Фото: ttfrk.kz/kz

АҚШ-та үстел теннисінен өткен WTT Feeder Corpus Christi 2024 халықаралық турнирінде Кирилл Герасименко жеңімпаз атанды. Ол сайыс барысында төрт бірдей қарсыласын шаң қаптырды. Ұлттық құрама үздігі америкалық спортшы Кай Чжанды 3:1, Үндістан өкілі Хармит Десайды 3:1, германиялық үстел тенисшісі Штеффен Менгельді 3:1, португалиялық спортшы Жоао Монтейруді 3:2 есебімен жеңіп, алтын медаль иегері атанды.

Велоспорт

Алина Саркулова
Алина Саркулова. Фото: instagram.com/kcfkz

Тайландта өткен маунтинбайктан халықаралық Thailand Cup турнирінде Қзақстан құрамасының спортшысы Алина Саркулова жақсы нәтиже көрсетіп, жүлделі үшінші орынға табан тіреді.

Күрес

Ницца (Франция) қаласында өткен күрес түрлерінен Henri Deglane (Анри Деглан) гран-при жарысында қазақстандық үш спортшы жүлдегерлер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, Әбдіманап Байгенжеев (92 кг) финалда жеңіліп, екінші орынға жайғасса, Рифат Сайботалов (70 кг) пен Ерхан Бексұлтанов (79 кг) үшінші орынға қол жеткізіп, қола жүлдегерлер атанды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2056718-solu-qazaqstandyq-sportsylar-otken-aptada-qandai-zeniske-zetti/

pixel