Бүгін, 10 тамызда грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев елге оралды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Қазақстандық балуанды Алматы әуежайында жақындары мен жанкүйерлері, бапкерлері, БАҚ өкілдері, спорт ардагерлері ыстық ықыласпен күтіп алды. Жиналғандар спортшыны жеңісімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Демеу Жадыраев ерекше қошеметпен қарсы алған жандарға алғыс айтты.
"Құттықтап жатқандарыңызға көп рақмет! Керемет атмосфераны сезіп тұрмын. Ел үшін, жер үшін боз кілемде бар күшімді салдым. Бұйырғаны күміс болды. Жарыс болғасын, бірде жеңесің, бірде жеңілесің. Қолдап жатқан халқыма көп алғыс айтамын", - деді Демеу Жадыраев.
Демеу Жадыраевты қарсы алуға оның ауылдасы, грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев та келді.
"Демеуге бәріміз алтын алсын деп тілекші болып отырдық. Оның жеңісі осындай балуанды тәрбиелеп шығарған бапкерлердің, ұлттық құраманың үлкен еңбегі деп ойлаймын. Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың арманын орындайтын мықты жігіттеріміз шыға берсін", - деді Нұрбақыт Теңізбаев.
Демеу Жадыраев Париж Олимпиадасының финалында жапон балуаны Нао Кусакамен күрескен еді. Олимпиада алтынына таласта Жадыраев қарсыласына 5:2 есебімен жол беріп, күміс медаль еншіледі.
34 жастағы қазақстандық балуан Париж боз кілеміндегі алғашқы белдесуінде колумбиялық Джейр Куэроны жеңген болатын. Кейін ол ширек финалда қырғызстандық Ақжол Махмудовтан (2022, 2023 жылғы әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері), жартылай финалда әзербайжандық Санан Сүлейменовтан (2021, 2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері) басым түсті.
Демеу Жадыраев – Жетісу облысы Панфилов ауданы Үшарал ауылының тумасы. Ол 12 жасынан бастап күреспен айналысады. Жадыраев – 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс медаль иегері және Азия чемпионатының төрт дүркін жүлдегері (2018 жылы – күміс, 2015, 2019 және 2021 жылдары — қола).
Еске сала кетсек, Париждегі чемпиондар саябағында Демеу Жадыраевқа 10 мыңнан аса жанкүйер құрмет көрсеткен еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2147166-olimpiadanyng-kumis-zhuldegeri-demeu-zhadyraev-elge-oraldy-foto/