Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көшпенділер ойыны: аламан бәйгеде жеңіске жеткен 12 жастағы шабандозға көліктің кілті табысталды (фото)

Жарияланған күні:

Атпен шауып бара жатқан бала
Айқабақты тізгіндеген Аңсар Арыстанбек. Фото: NUR.KZ/Әйгерім Сайқын

Астана төрінде өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының аламан бәйгесінде 1-орынды қазақстандық Айқабақ атты айғыр иеленді, шабандозы – 12 жастағы Аңсар Арыстанбек, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Аламан бәйгеде 20-дан астам жүйрік бақ сынады. 25 шақырымдық бәйгеде Қырғызстаннан, Ресейден, Түркия мен Моңғолиядан, Өзбекстан мен Қазақстаннан мықты деген сәйгүліктер жиналды. Тартысты доданың соңғы айналымында 7 ат қана қалды.

Алматы облысы Балқаш ауданының Айқабақ атты тұлпары топты жарып шықты. Шабандозы – 12 жастағы Ансар Арыстанбек. Тұлпар иесі Жамбыл Бөбекбайдың айтуынша, алғашқы үштікке ілігеміз деген мақсат қойған.

Жамбыл Бөбекбай
Жамбыл Бөбекбай. Фото: NUR.KZ / Әйгерім Сайқын

"Осыған дейін Қазақстан чемпионатының үш кезеңінен 1-орынды иелендік. Дегенмен бұл халықарлық сайыс додасында кіл мықтылар жиналды. Қырғызстанның атақты Қара қыз сәйгүлігі топқа түсті. Одан бөлек мықты қазақстандық тұлпарлар шапты. Ақыры жеңіс бізге бұйырды. Сәйгүлігіміз үш жаста, ал шабандозы Аңсар Арыстанбек Жетіген ауылы мектебінің оқушысы. 10 жасынан бастап аламандарда атқа шауып жүрген жеткіншек", - дейді Жамбыл Бөбекбай.

Тартысты додада бірінші орынды Айқабақ атты тұлпар жеңіске жетсе, екінші орын қазақстандық Жұмыртұяқ сәйгүлігіне бұйырды. Ал үшінші орынды қырғызстандық Қара қыз атты тұлпар мен шабандозы Нурэл Элесов иеленді.

Бас бәйгені жеңіп алған 12 жастағы Аңсар Арыстанбекке ұйымдастырушылар Hyundai Santa Fe көлігінің кілтін табыстады.

Аламан бәйгеде жеңіске жеткен шабандоздарды марапаттау сәті
Аламан бәйге жеңімпаздары: NUR.KZ / Әйгерім Сайқын

Жас шабандоздың бұл жеңіп алған 7-көлігі екен. Бұған дейін де топ жарып жүрген оқушы болашақта бапкер болу армандайды.

Аңсар Арыстанбек
Аңсар Арыстанбек. Фото: NUR.KZ / Әйгерім Сайқын

"Атқа 8 жасымда әкем отырғызды. 9 жасымнан бастап жарыстарға шығып жүрмін. Үйде үш ұлдың үлкенімін. Кейінгі бір інім де атқа шабады. Болашақта бапкер болуды армандаймын", - дейді жас шабандоз.

Авторы: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2161114-basty-qarsylasymyz-qyrgyz-tulpary-boldy-qazaqstandyq-saigulik-koshpendiler-oiynynyng-alaman-baigesinde-zhengiske-zhetti/