Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жұрт шаң жұтып отыр": ақтөбеліктер төсеп алған жолды мердігер компания күреп тастаған (видео)

Жарияланған күні:

Ақтөбе қаласы іргесіндегі Жаңақоныс-2 елдімекені
Ақтөбе қаласы іргесіндегі Жаңақоныс-2 елдімекені. Фото: NUR.KZ \ Ардақ Ерубаева

Ақтөбеде шаң жолда балаларының мектеп киімі бүлінгенін айтқан тұрғындар көмек сұрады. Олардың айтуынша, жолды қазып тастаған мердігер компания жұмысы екі айдан бері тоқтап тұр. Созбалаңға салынған әрекет тұрғындардың ызасын тудырып отыр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ақтөбе қаласы іргесіндегі Жаңақоныс-2 елдімекенінің тұрғындары әкімдіктен жол жөндеу жұмыстарын тездетуді сұрайды. Тұрғындар көшеде жүру мүмкін емесін айтып шағымданды. Өз күштерімен төсеген қиыршық тасты мердігер компания күреп тастағаннан бері шаң жұтып, есіктің алдына шыға алмай қалған.

Қазір қоғамдық көлік те, мектеп автобусы да бұл көшеге кірмейді.

"Осы жолға халық өз қалтасынан ақша жинап, қиыршық тас төседі. Өз күшімізбен жол мәселесін реттедік. Ал биыл осы жерге асфальт түседі дегенде қуандық. Жол салатын мердігер компания біздің төсеген қиыршық тасты түгелдей күрекпен қырып тастады. Екі айдан асты, жұмыс тоқтап тұр. Қазір бұл жер жел болса шаң, жаңбыр жауса балшық болады. Үйімізге жете алмай қиналып жүрміз. Балаларымыздың мектепке баруы қиындады.

Қазір бұл көшеге автобус кірмейді. Мына жолды қашан бітіреді, күз келді. Мұны шешу керек қой. Біз қалай жүреміз? Қазып-қазып кетті. Балалар кіріп-шыға алмай қалды, үлкендер жүре алмайды. Балалардың мектеп киімі лас болады. Біз не істеуіміз керек? Әкімшіліктен жолды бітіріп беруді талап етеміз",- деді Жаңақоныс-2 тұрғындары.

Ақтөбе қаласы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Жаңақоныс-2 тұрғын үй алабында жол құрылысын жүргізу "Бабэк құрылыс" ЖШС-не міндеттелген. Жолдың ұзындығы – 2,616 км. Жоба бойынша асфальт, тротуар және жарықтандыру бар екен.

"Жоба құны – 428 млн тг. Бірақ бұл сома мердігерге берілген жоқ. Жоба биыл басталып, келесі жылы аяқталады. Актілеп тапсырылғанда толық төленеді. Бастапқы жолдың негізін төсеу жұмыстары жол активтерінің ұлттық сапа орталығынан өткізіліп жатыр. Биыл қазанның 15-іне дейін мердігер жолдың негізіне қиыршық тасты құм қоспасын (ПГС) және асфальт жабындысының бірінші қабатын төсеп береді", - деп хабарлайды Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі өкілдері.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2160552-zhurt-shang-zhutyp-otyr-aqtobelikter-tosep-algan-zholdy-merdiger-kompaniia-kurep-tastagan-video/