Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Нью-Йоркте (АҚШ) өтіп жатқан блиц бойынша әлем чемпионатының нокаут кезеңіне жолдама алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қазақстан шахмат федерациясының Instagram-дағы парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бибісара Асаубаева іріктеу кезеңін сәтті аяқтап, 8 ұпай жинады. Енді ол чемпиондық атаққа таласты нокаут кезеңінде жалғастырады. Қазақстандық шахматшы ширек финалда қытайлық Лэй Тинцземен ойнайды.
Нокаут кезеңінің алғашқы айналымында төмендегі шахматшылар кездеседі:
- Вайшали Рамешбабу – Чжу Цзиньэр;
- Лэй Тинцзе – Бибісара Асаубаева;
- Екатерина Лагно – Карисса Йип;
- Валентина Гунина – Цзюй Вэньцзюнь.
20 жастағы Бибісара Асаубаева 2019 жылы әйелдер арасында гроссмейстер атанды, ал 2021 және 2022 жылдары блицтен әлем чемпионатын жеңіп алды. Сондай-ақ ол Қазақстан әйелдер құрамасымен бірге шахмат олимпиадасында күміс жүлде еншілеген еді. Бұл Қазақстан үшін тарихи нәтиже болды.
Еске салайық, Бибісара Асаубаева Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) үш бірдей рейтингінде көш бастаған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2207160-bibisara-asaubaeva-shahmattan-alem-chempionatynyng-shirek-finalyna-shyqty/