
Конькимен жүгіруден Қытай құрамасының мүшесі, Қытайда туып-өскен этникалық қазақ спортшы Ақнар Адаққызы Харбинде өтіп жатқан ІХ қысқы Азия ойындарының алтын медалін еншіледі. Бұл туралы Kazinform хабарлайды.
Агенттіктің жазуынша, қазақ қызы әйелдер арасында конькимен жүгіруден командалық із қуу жарысында чемпион атанып отыр. Қытай құрамасының нәтижесі – 3 минут 02.75 секунд.
Ал Жапония және Оңтүстік Корея құрамалары күміс пен қола медалды өзара бөліскен.
Айта кетерлігі, осы сайыста қазақстандық спортшылар – Надежда Морозова, Кристина Шумекова және Мария Деген жарыс жолына шығып, өкінішке қарай жүлдеге іліне алмаған.
Конькиші Ақнар Адақ – Шынжаң өлкесі Құтыби ауданында дүниеге келген. Бұған дейін 2019 жылғы Қытай біріншілігінде 5 000 метрлік жарыста – алтын, 3 000 метрде – күміс медаль алған.
2016 жылы Қытайдың ұлттық құрамасына қабылданған. Былтыр қараша айында Хатинохе қаласында (Жапония) өткен төрт құрлық чемпионатының чемпионы болған. Сондай-ақ Бейжіңдегі XXIV қысқы Олимпиада ойындарына қатысқан.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Қытай құрамасында өнер көрсететін, тағы бір этникалық қазақ Баян Жалынқызы Харбинде өтіп жатқан қысқы Азия ойындарының жеңімпазы атанған еді. Ол шаңғы жарысынан (5 км, еркін стиль) алтын медаль жеңіп алды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2219861-tagy-bir-etnikalyq-qazaq-qysqy-aziia-oiyndarynyng-altyn-medalin-zhengip-aldy/