Top.Mail.Ru

Зектілері

Зеленский Петр Врублевскийді Украинаның Қазақстандағы елшісі қызметінен босатты

Жарияланған күні:

Петр Врублевский
Петр Врублевский: kazakhstan.mfa.gov.ua

Петр Врублевский Украинаның Қазақстандағы елшісі қызметінен босатылды. Тиісті жарлыққа Украина президенті Владимир Зеленский қол қойды. Құжат Украина президентінің ресми сайтында жарияланды.

Бұған дейін Украина тарапы Қазақстандағы елшісін ауыстыруға ниетті екенін мәлімдеген болатын.

Еске сала кетейік, Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Петр Врублевскийдің қазақстандық блогерлердің біріне берген сұхбатындағы мәлімдемесі үшін басы дауға қалған еді. Бұдан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері оның мәлімдемесін айыптады.

Кейін Врублевскийді Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне әңгімеге шақырғаны хабарланды. Онда украиналық дипломат сұхбаттағы мәлімдемесі үшін кешірім сұрағаны белгілі болды.

Қыркүйек айында Қазақстан билігі Врублевскийді елден шығаруды талап етпегені туралы мәлім етті. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Врублевскийдің демалыста екенін және Украина билігімен мансабын жалғастыру туралы кеңесіп жатқанын жеткізді.

Алайда қазан айының басында Врублевский Қазақстанға оралғаннан кейін Ресей Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаевты шақыртты. Ресей Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова Врублевскийдің елде болуына қатысты наразылығын білдірген.

Бұған жауап ретінде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де Ресей елшісін әңгімеге шақырды. Захарованың мәлімдемесіне қатысты пікір білдірген Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің өкілі Қазақстан мен Украина бұл мәселе бойынша толық келісімге қол жеткізгенін атап өтті.

"Бұл мәселе бойынша Украина жағымен біздің толық келісіміміз бар. Қос тарап уағдаластықтарын орындады. Сондықтан Украина жағымен шешілмеген ешқандай мәселе жоқ. Қазақстандағы елшінің кетуі туралы шешімін Украина Сыртқы істер министрлігі өздері шығарды. Осы орайда басқа елші тағайындалмақ", - деген еді СІМ өкілі Айбек Смадияров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1993319-zelenskii-petr-vrublevskiidi-ukrainanyn-qazaqstandagy-elsisi-qyzmetinen-bosatty/