Түркияда жер сілкінісінен кейін де тұрғын үйлер қирауда (видео)
Жарияланған күні:
Түркияда жер сілкінісі тоқтағаннан кейін де көпқабатты үйлер қирап жатыр. Әлеуметтік желі қолданушылары мен түрік ақпарат құралдары қорқынышты кадрларды бөлісуде, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, Түркия вице-президенті Фуат Октай брифингте елде жер сілкінісінен кейін 80-ге жуық афтершок тіркелгенін айтады.
Ал желіде жарияланған кадрлардан бір көліктің соңғы сәтте құлап бара жатқан ғимараттың астынан қалай шығып үлгергенін байқауға болады. Тағы бір видеода жер асты дүмпулері тоқтаса да, көпқабатты үйдің опырылып жатқанын көруге болады.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, жер сілкінісінен ең көп зардап шеккен Кахраманмараш ауданы. Сондай-ақ Адана, Газиантеп, Диярбакыр, Малатия, Шанлыурфа қалаларында да көптеген ғимарат қирап, адам шығыны бар. Көпқабатты үйлерді қосқанда 1700-ден астам үй құлаған.
Оқиға салдарынан ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енген тарихи Газиантеп бекінісі де қирады. Ел билігі болған оқиғадан келген материалдық шығынды әлі есептеп жатыр.
Еске сала кетейік, кеше түнде Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы 7,5 бал болатын күшті жер сілкінісі тіркелді. Жерасты дүмпулері тек Түркияда ғана емес, көршілес Сирия мен Ливияда да сезілді. Жер асты дүмпуі салдарынан ғимараттар қирады.
Соңғы мәлімет бойынша, төтенше жағдайдың салдарынан кем дегенде 500 адам қаза тапты, оның 230-дан астамы сириялықтар, сондай-ақ кем дегенде 280 түрік азаматы көз жұмды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанға жеделхат жолдаған болатын. Ол түрік халқына көңіл айтып, көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2008216-turkiyada-zer-silkinisinen-keiin-de-turgyn-uiler-qirauda-video/