Түркияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 1014 адамға жетті
Жарияланған күні:
Түркияның Төтенше жағдайлар басқармасының (AFAD) басшысы Юнус Сезер жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 1014-ке жеткенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.
"Қазіргі уақытта қаза тапқандар саны 1014 адам", - дейді Сезер.
Бұған дейін 912 адамның қайтыс болғаны туралы хабарлаған едік.
Сондай-ақ Түркия билігі қазіргі уақытта Жерорта теңізінің шығысындағы жағалауға әсер етуі мүмкін цунами қаупі жоқ екенін мәлімдеген.
"RT на русском" басылымының Telegram арнасының хабарлауынша, Түркияның Газиантеп қаласында жер сілкінісі салдарынан асфальттың бәрі жарылып, ғимараттар қираған. Куәгерлердің айтуынша, бірнеше минут ішінде 500-ге жуық ғимарат опырылған.
Ескерту! Видеода жантүршігерлік кадрлар бар, оны психикасы тұрақсыз адамдар, жүкті әйелдер және 18 жасқа толмағандар көрмеген жөн.
Ал Астана уақытымен сағат 16:24-те Түркияның орталық бөлігінде магнитудасы 7,7 болатын жаңа жер сілкінісі тіркелді. Жаңа дүмпу Сирия астанасы Дамаскіде, Латакияда және басқа провинцияларда сезілді. Сондай-ақ БАҚ жер сілкінісін Грузияның Батуми қаласының тұрғындары да сезгенін хабарлады.
Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдап, үкіметке Түркияға жер сілкінісінің салдарын жоюға көмектесуді тапсырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2008267-turkiyada-zer-silkinisinen-qaza-tapqandar-sany-1014-adamga-zetti/