Түркияда қиранды астында қалған қазақстандықтарды іздеу жұмыстары қалай жүріп жатыр
Жарияланған күні:
Astana Hub технопаркінің бас директоры Мағжан Мәдиев Instagram-дағы парақшасында Түркияда отандастарымыз жоғалып кеткен жерге жеткенін айтып, құтқару жұмыстарының барысы туралы мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Оның айтуынша, Мирус Құрмашев пен Әділ Қадырбеков Хатай қаласында үйінді астында қалды. Сондай-ақ Мағжан Мәдиев қазақcтандық Сабина Мамадьярова құтқарылған жерді көрсетті.
Оның сөзінше, Мирус пен Әділ де соған жақын жерде болуы мүмкін. Мәдиевтің айтуынша, қазақстандықтарды құтқару үшін техника, яғни ғимараттың құлаған шатыры мен қабырғаларын көтеру үшін кран қажет.
Сондай-ақ Telegram-дағы Rescue kz арнасында қазақстандықтар мінген көлік табылғаны хабарланды. Оқиға орнында болғандар көлікті теуіп көруді ұйғарды, еріктілердің айтуынша, бұл көліктің кілтіне белгі беруі керек, ал кілт жоғалған азаматтарда болуы мүмкін.
Кейінірек арна авторлары үйінді астынан дыбыс шыққанын жазған.
Еске салайық, 6 ақпан күні таңертең Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы 7,7 болатын жер сілкінісі болды. Ердоғанның айтуынша, бұл зілзала 1939 жылдан бергі ең жойқын жер сілкінісі.
Дүйсенбі күні түстен кейін магнитудасы 7,6 болатын тағы бір жер сілкінісі тіркелді. Осы апатқа байланысты Түркияда жеті күндік ұлттық аза тұту күні жарияланып, табиғи апаттан зардап шеккен 10 провинцияда үш айға төтенше жағдай енгізілді.
Сондай-ақ Хатай провинциясында болған жер сілкінісінен кейін Қазақстан азаматының із-түссіз жоғалып кеткені белгілі болды. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Түркияда тағы бірнеше қазақстандықтың іздестіріліп жатқанын хабарлады.
Кейін із-түзсіз жоғалған қазақстандықтардың бірі тірі табылғаны белгілі болды, қалған екі қазақстандықты іздеу жұмыстары жалғасуда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2008652-turkiyada-qirandy-astynda-qalgan-qazaqstandyqtardy-izdeu-zumystary-qalai-zurip-zatyr/