Түркиядағы жер сілкінісі: заманауи, жаңа үйлер неге қирады
Жарияланған күні:
Түркиядағы жер сілкінісінен кейін көптеген ғимараттың қирауына құрылыс ережелерінің сақталмауы себеп болған. Осы орайда Би-би-си апат кезінде опырылып түскен жаңадан салынған ғимараттар туралы ақпараттарды тексеріп көрді.
Былтыр құрылысы аяқталған Малатьядағы үйлердің бірі жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік стандарттарына сәйкес салынғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тараған болатын. Сондай-ақ пайдаланылған материалдар мен жұмыс сапасы бірінші санаттағы деңгейге сәйкес екендігі жарияланған.
Қазір сол хабарландыруды табу мүмкін емес, бірақ бірнеше адам жарнаманың өзін және бейнероликтің скриншоттарын түсіріп ғаламторға жариялап жіберген. Скриншоттардағы суреттер компанияның веб-сайтындағы жарнамалармен сәйкес келеді. Зілзала кезінде Искендерун қаласындағы тағы бір көпқабатты үй қатты зақымданған.
Құрылыс компаниясы құрылыстың 2019 жылы аяқталғанын нақтылайтын сурет жариялаған. Би-би-си құлаған ғимараттың суреті компания түсірген жарнамалық суреттегі нысанның орнымен сәйкес келетінін растады. Түсініктеме алу үшін тілшілер құрылыс компаниясына хабарласты, алайда әлі жауап келген жоқ.
Сонымен қатар BBС зерттеген суреттердің ішінде Антакьядағы 2019 жылы пайдалануға берілген тағы бір үй бар. 2019 жылдың қараша айында аталған тұрғын үй кешенінің ашылу салтанатының бейнежазбасында құрылыс компаниясының иесі: "Гуклу Бахче жобасы басқалармен салыстырғанда орналасқан жері мен құрылыс сапасы жағынан ерекше" - деген еді.
Мамандардың айтуынша, соңғы жер сілкінісі қаншалықты жойқын болса да, барлық норма бойынша салынған ғимараттар аман қалуы керек еді.
"Бұл жолы жер сілкінісі кезіндегі жер асты дүмпуінің максималды күші жоғары болды, бірақ бұл жақсы салынған ғимараттардың қирауына әкеліп соғатындай деңгейде болды деп сеніммен айтуға болмайды", - дейді Лондон университеттік колледжінің төтенше жағдайларды жоспарлау және басқару профессоры Дэвид Александр.
Құрылыс нормаларын сақтамау
Түркияда қауіпсіздіктің қатаң стандарттары 1999 жылы Измитте 17 000 адамның өмірін қиған жойқын жер сілкінісінен кейін енгізілген. 2018 жылы табиғи апаттардан кейін талап тағы да күшейтілді. Соңғы ережелерге сәйкес, жер сілкінісі болу қаупі бар аймақтардағы құрылысшылар болат темірмен нығайтылған жоғары сапалы бетонды пайдалануы керек. Бағаналар мен тіректер жер асты дүмпуіне төтеп беретіндей салынуы қажет. Алайда бұл ережелер дұрыс сақталмаған.
"Мәселенің бір ұшы бұрынғы ғимараттарды қайта жаңғырту жұмыс өте аз жүргізілгенінде және жаңа ғимараттар нашар салынған", - дейді профессор Дэвид Александр.
Мысалы, жер сілкінісі қауіпі жоғары елдердің бірі Жапонияда құрылыс нормалары өте қатаң қадағаланады. Құрылыс қауіпсіздігіне қойылатын талаптар ғимаратты пайдалану мен қауіпті аймақтарға жақын орналасуына байланысты өзгереді.
Неліктен нормалар дұрыс сақталмайды
Түрік үкіметі құрылыс иелеріне құрылыс амнистиясын (рақымшылығын) жиі береді. Бұл қауіпсіздік стандарттары бойынша сертификаты жоқ ғимараттарды салғаны үшін айыппұл төлеуден заңды түрде босату. Мұндай рақымшылық 1960 жылдардан бастап (соңғы рет 2018 жылы) енгізілген. Үкіметтегі сыншылар құрылысқа рақымшылық беру жер сілкінісі болған жағдайда апатқа әкелетінін бұрыннан ескертіп келеді.
"Түркияның оңтүстігіндегі жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарда құрылыс иелерінің 75 мың ғимараты осындай рақымшылыққа ие болды", - деді Түркия инженерлер, сәулетшілер, қала құрылысшылары палатасының Ыстамбұлдағы филиал басшысы Пелин Пинар Гиритлиоглу.
Апатқа санаулы күндер қалғанда қалғанда түрік бұқаралық ақпарат құралдары парламентте ғимарат салушыларға бұдан да үлкен жеңілдіктер беретін жаңа заң жобасын мақұлдағалы жатқанын хабарлаған еді.
Осы жылдың басында геолог Джелал Сенгор тектоникалық плиталардың жарықтары бар жерде құрылысқа амнистия беру қылмыспен тең екенін айтты. 2020 жылы Түркияның батысындағы Измир провинциясында алапат жер сілкінісінен кейін Би-би-си түрік қызметінің журналистері Измирдегі 672 000 ғимаратқа амнистия жарияланғанын анықтады. Сол мақалада журналистер Түркияның Қоршаған орта және урбанизация министрлігінің мәлімдемесіне сілтеме жасап, Түркиядағы ғимараттардың жартысы, шамамен 13 миллионы жер сілкінісі бойынша қауіпсіздік талаптарына сай емес салынғанын айтқан еді.
Соңғы зілзаладан кейін Түркиядағы құрылыс стандарттарына қатысты тілшінің сұрағына Түркия қоршаған орта және урбанизация министрлігі: "Біздің әкімшілік салған бірде-бір ғимарат құлаған жоқ. Оқиға орындарында шығынды жедел бағалау жұмыстары жалғасуда" – деп жауап берді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2008923-turkiyadagy-zer-silkinisi-zamanui-zana-uiler-nege-qirady/