Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркияда 8 күн бойы үйінді астында жатқан 18 жастағы жігіт құтқарылды

Жарияланған күні:

Мұхаммед Джафер Четиннің құтқарылған сәті
198 сағат үйінді астында жатқан Мұхаммед Джафердің құтқарылған сәті. Фото: aa.com.tr

Түркияның Адыяман қаласында жойқын жер сілкінісінен кейін 198 сағат өткенде үйінді астынан Мұхаммед Джафер Четин есімді 18 жастағы жігіт құтқарылды, деп хабарлайды Анадолы агенттігі.

Басылымның жазуынша, құрамында Түркия қарулы күштерінің әскери қызметкерлері, кеншілер, сондай-ақ еріктілер бар құтқару бригадасы жас жігітті Абдул Мұса көшесіндегі қираған жеті қабатты тұрғын үйдің үйінділерінің арасынан тапқан.

8 күн бойы қиранды астында жатқан Мұхаммед Джафер бірден медицина қызметкерлеріне тапсырылған.

Басылым осыған ұқсас оқиғаның 1992 жылы 13 наурызда Түркияның Эрзинджан провинциясында болғанын атап өтті. Ол кезде жер сілкінісінен кейін 187 сағаттан соң Нурджан Эраслан есімді медбике құтқарылған.

Еске сала кетейік, дүйсенбі 6 ақпан күні Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы 7 балдан асатын жойқын жер сілкінісі болды. Дәл осы күні магнитудасы 7,6 болатын тағы бір жер сілкінісі тіркелді.

Табиғи апат көршілес Сирияға да әсер етті.

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның айтуынша, бұл - елдегі 1939 жылдан бергі ең үлкен зілзала.

Табиғи апатқа байланысты Түркияда жеті күндік аза тұту күні жарияланды. Сондай-ақ апаттан зардап шеккен 10 провинцияда үш айға төтенше жағдай режимі енгізілді.

Соңғы мәліметтер бойынша Түркияда жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 31 974-ке жеткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2009413-turkiyada-8-kun-boiy-qirandy-astynda-zatqan-18-zastagy-zigit-qutqaryldy/