Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркияның оңтүстік-шығысында тағы да жер сілкінді

Опубликовано:

Түркиядағы жер сілкінісінің зардабы
Түркиядағы жер сілкінісінің зардабы. Көрнекі фото: Anadolu Agency / Contributor / Getty Images

Жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Түркияның Хатай провинциясында магнитудасы 5,1 болатын жаңа жерасты дүмпуі тіркелді. Бұл туралы РИА Новости жергілікті сейсмологтарға сілтеме жасап хабарлайды.

Басылым елдің Төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою басқармасының мәліметіне сүйеніп, жер сілкінісінің ошағы теңізде - жағалаудан бес шақырым, тереңдігі тоғыз шақырым жерде болғанын жазады.

Төтенше жағдай орнында жүрген басылым тілшісі соңғы жер сілкінісі салдарынан ақпан айының басында болған зілзалада бүлінген бірнеше ғимарат қирап, зақымданғанын айтады.

Ал Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының ресми сайты өткен тәулікте Түркияның шығыс және орталық аймақтарында магнитудасы 2,5-тен 4,5-ке дейінгі кем дегенде 10 жер сілкінісі болғанын хабарлаған.

Айта кетейік, Түркияда 6 ақпанға қараған түні Газиантеп қаласының маңында магнитудасы 7,5 болатын жойқын жер сілкінісі болып, оған көршілес қала тұрғындары зардап шекті.

Жерасты дүмпулері Түркияның 10 провинциясында, сондай-ақ Сирия аумағында сезілді.

Дәл сол күні магнитудасы 7,7 болатын тағы бір жер сілкінісі болды. Одан кейінгі күндері Түркияда тағы бірнеше жер асты дүмпуі тіркелді.

БАҚ-та пайда болған соңғы мәлімет бойынша, Түркияда 38 мыңнан астам, Сирияда 6 мыңға жуық адам жер сілкінісінің құрбаны болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2009775-turkiyanyn-ontustik-sygysynda-tagy-da-zer-silkinisi-tirkeldi/

pixel