Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Йемен хуситтері Израильге соғыс жариялады: олар кім

Опубликовано:

Йемен хуситтері Израильге қарсы митингіде
Йемен хуситтері Израильге қарсы митингіде. Фото: Mohammed Hamoud/Getty Images

Кешеден бері "Йемен елі Израильге ресми түрде соғыс жариялаған" делінген хабар көп таралды. Алайда бұл әлем мойындаған Йемен мемлекеті емес. KAZ.NUR.KZ тілшісі шын мәнінде Израильге кім соғыс жариялағанын түсіндіреді.

Көтеріліспен билікке келген "Аңсар Алла" партиясын әлем қауымдастығы мойындамаған. Алайда осы партияның ресми өкілі соғыс жариялап, мәлімдеме жасады.

"Біздің Йемен халқының және азат халықтардың Газадағы езгіге ұшыраған халқымызға көмек көрсету талаптарына жауап ретінде Йемен қарулы күштері Құдайға сүйеніп, бізге қымбат Палестина халқының тарихи езгісін жеңу арқылы өз міндеттерін орындауы керек. Біздің қарулы күштеріміз Жаратқанның көмегімен ірі баллистикалық және қанатты зымырандардың үлкен партиясын, сондай-ақ басып алынған территорияларда израильдік жаудың әр түрлі нысаны бойынша көптеген ұшқышсыз ұшақтарды ұшырды", - делінген мәлімдемеде.

Йемендегі хуситтер (немесе оларды "Аңсар Алла" деп те атайды) — негізінен Йеменнің солтүстігінде тұратын шиит мұсылмандарының әскери-саяси тобы. Иранмен және ливандық "Хезболла" партиясымен ынтымақтасады. Радикал қозғалыс Газа секторында Израиль армиясымен соғысуға еріктілерді жіберуге дайын екенін айтқан.

Хуситтер деген кім?

Хуситтердің бағыты мен идеологиясын біржақты алып қарастыру қиын. Себебі қозғалыс мүшелері бірде бірқатар ел экстремистік деп таныған "Хезболла" ұйымын қолдап мәлімдеме жасайды, ал бірде ұлттық ұстанымдарды қолдайды, ал бірде діни бағыттағы қозғалыс ретінде принципшілдік қағидаттарға сүйенеді. Діни бағыты зейдит мазхабы деп аталады. Ол имам Хусейн әл-Хусидің оқуларына негізделген.

Хуситтер Йеменнің көпшілік тұрғыны ұстанатын суннизм бағытын бөтен деп есептейді. Бірақ Йемен қоғамында оларды ұлт қорғаушылары деп те бағалайтындар бар. Алайда діни ағымына байланысты қозғалыс көп жағдайда шииттік көзқарасқа берік.

Қозғалыстың сыртқы саяси идеологиясында радикалданған ұрандар көп айтылады. "АҚШ-қа өлім, Израильге өлім" трактовкасы жиі кездеседі.

Төңкеріс жолы

Ал 2004 жылы шейх Әл-Хуси Йемен президенті мен үкіметін АҚШ-қа сатылған деп сынап, тау бөктерінде жақтаушыларын жинап, әмірлік құратынын жариялаған. Ал ел билігі оны "ұлтаралық араздықты қоздыратын және әлеуметтік қауіпсіздікке нұқсан келтіретін діни адасушылықты таратты" деп айыптаған.

Сол жылдың 18 маусымында әл-Хуси ұсталып, оның ізбасарлары қарулы төңкеріс жасаған. Оның барысында әл-Хуси өлтірілген. Азаматтық соғысты оның әкесі Абдул-Малик әл-Хуси жалғаған. Бұл бүлікті басуға Йемен үкіметіне Сауд Арабиясы 2009 жылы көмектесті.

Йеменде азаматтық соғыс кезінде табылған миналар
Йеменде азаматтық соғыс кезінде табылған миналар. Фото: Mohammed Huwais/Getty Images

2011 жылы Йеменде президент Әли Абдаллах Салехтің режиміне қарсы көтеріліс басталған. Сол кезде хуситтер бұл жағдайды қолданып, билік қарулы күштеріне шабуылдаған. Ал 2014 жылы тағы да азаматтық соғыс басталды. Елдің билігі ауысқанымен, хуситтердің қарсылығы тоқтамады. 2015 жылы ел премьерінің үкіметтік кортежіне шабуыл жасалып, ел астанасындағы президент резиденциясы басып алынды. Бұдан кейін президент Абд Раббу Мансур Хади қозғалыстың қысымымен отставкаға кетіп, үкімет те артынша орнын босатқан.

Билікке келген кезі

Осылайша қозғалыс елдегі билікті басып алып, өз мүддесін алға тарта бастаған. Мұндай әскери дағдарыстан ел инфрақұрылымы тозып, ал қақтығыстардан қаза тапқан адамдар саны артты. Йемендегі осы қақтығыстардан қаза болғандардың саны әрқилы айтылып келеді. Ал БҰҰ мәліметінше, елде соғыс қимылдарынан 11 мыңға жуық бала қаза болған.

Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары қозғалысқа Иран мен ливандық "Хезболла" партиясы қару-жарақпен көмектесті деген хабар таратқан. Ал елдегі гуманитарлық дағдарыстан шығуға халыққа халықаралық ұйымдар көмектескен.

Израиль - ХАМАС эскалациясы

Израиль мен ХАМАС радикал тобының әскери қақтығысы басталғанда араб елдерімен қатар Йемен де Палестинаны жақтап шықты. Биылғы қазан айындағы эскалациядан кейін Йеменде ірі демонстрациялар өткен.

Йемендіктер Израиль бомбалауына қарсы митингіге шыққан сәт. Сана қаласы, Йемен.
Йемендіктер Израиль бомбалауына қарсы митингіге шыққан сәт. Сана қаласы, Йемен. Фото: Mohammed Hamoud/Getty Images

Митингіге шыққандар палестиналық туды көтеріп, Газа тұрғындарын қолдап, ұрандатқан. Осы уақытта "Аңсар Алла" мүшелері 100 мыңға жуық адамы Палестина тарапында соғысуға дайын екенін мәлімдеген. Ал күні кеше соғыс жариялаған мәлімдеме тарады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2043501-iemen-xusitteri-izrailge-sogys-zariyalady-olar-kim/

pixel