Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Украина тарапы Мәскеудегі террористік әрекетке еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді

Жарияланған күні:

Михаил Подоляк
Михаил Подоляк. Фото: president.gov.ua

Владимир Зеленскийдің кеңсесі, сондай-ақ Украина Сыртқы істер министрлігі кеше түнде Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" ғимаратына жасалған қарулы шабуылға елдің қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Зеленский кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк кеше түнде Мәскеудегі"Крокус Сити Холл" концерттік кешеніне жасалған шабуылдан кейін X әлеуметтік желісінде жазба жариялады.

"Крокус Сити Холлдағы" (Мәскеу облысы, Ресей) атыс/жарылыстарға Украинаның еш қатысы жоқ", - деді ол.

Оның айтуынша, Украина ешқашан террористік әдістер жасаған емес.

Сонымен қатар оқиғаға қатысты Украина Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында түсінік берілді. Олар сондай-ақ болған оқиғаға еш қатысы жоқ екенін баса айтты.

"Украина Сыртқы істер министрлігі Мәскеу облысының Красногорск қаласындағы "Крокус" концерттік залында болған атысқа Украинаның қатысы бар деп Ресей шенеуніктерінің айта бастаған айыптауларын үзілді-кесілді жоққа шығарады", - делінген хабарламада.

Еске салсақ, 22 наурызда Мәскеу маңындағы "Крокус Сити Холл" концерт залында белгісіз біреулер атыс шығарғаны туралы ақпарат тарады. Концерт залының ғимаратында "Пикник" тобының концерті өтуі керек болған. Алайда ғимаратқа белгісіз біреулер кіріп келіп, атыс шығарған. Артынша ғимаратта өрт шығып, куәгерлер оның видеосын жариялай бастады. Оқиға орнында жарылыс естілгені де хабарланды.

РИА Новости хабарына қарағанда, арнайы жасақ жауынгерлері өртсөндірушілермен бірге "Крокус Сити Холл" ғимаратының ішінде жұмыс істеп жатыр, адамдарды эвакуациялау жүріп, қылмыскерлерді іздеу операциясы басталған.

Қайғылы оқиғаға байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинге көңіл айтып, терактіні мүлдем ақтауға болмайтынын мәлімдеді.

Ресейдің Тергеу комитеті атыстан 60-тан астам адам қаза тапқанын, құрбандар саны артуы мүмкін екенін мәлім етті.

РИА Новости агенттігінің мәліметінше, 115 адам ауруханаға жеткізілді, оның бесеуі балалар: 60 ересек адамның және бір баланың жағдайы ауыр.

Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" концерт залында болған қайғылы оқиғаларға байланысты Қазақстан азаматтары үшін 8 (925) 897-71-14 нөмірі бойынша жедел желі ашылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2072451-ukraina-tarapy-maskeudegi-terroristik-areketke-es-qatysy-zoq-ekenin-malimdedi/