Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ресейдің Тергеу комитеті "Крокус Сити Холлдағы" терактіге қатысты тағы бір күдіктінің ұсталғанын хабарлады

Жарияланған күні:

Читать на русском
"Крокус Сити Холл" ғимараты
"Крокус Сити Холл" ғимараты. Фото: t.me/sledcom_press

Ресейдің Тергеу комитеті Мәскеу маңындағы "Крокус Сити Холл" ғимаратында теракт ұйымдастырды деп күдікке ілінген тағы бір адам ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Ресей Тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин "Крокус Сити Холлда" болған терактіге қатысты қылмыстық істің тергеуі туралы есебін тыңдады.

"Тергеудің бастапқы нәтижелері лаңкестердің іс-әрекеті жоспарланғанын, қылмысты ұйымдастырушылардың мұқият дайындалғанын әрі қаржылық қолдау көрсетілгенін толық растайды.

Ұсталған лаңкестермен жұмыс істеп, олардан тәркіленген техникалық құрылғыларды зерделеу нәтижесіне және қаржылық операциялар туралы ақпаратты талдауға сәйкес, олардың украиналық ұлтшылдармен байланысы барына айғақ табылды", – делінген Ресей Тергеу комитетінің Telegram арнасындағы хабарламасында.

РФ Тергеу комитетінің дерегіне сүйенсек, комитетте "терактіні ұйымдастырушылар қылмысқа дайындалу кезінде Украинадан түскен қомақты қаражат пен криптовалюта пайдаланғаны туралы расталған мәліметтер" бар.

Бұл ретте тағы бір күдікті ұсталғаны хабарланды.

"Терроризмді қаржыландыру схемасына қатысы бар тағы бір күдікті анықталып, ұсталды. Тергеу тарапы соттан оған қатысты қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасын қолдануды сұрайды", – делінген хабарламада.

Еске салайық, украиналық тарап Ресейдің "Крокус Сити Холл" ғимаратындағы лаңкестік әрекетке Украинаның қатысы бар деген айыптауларына жауап берген болатын. Украина президенті Владимир Зеленский 25 наурыздағы халыққа жолдауында бұл мәселеге қатысты пікір білдірген еді.

Ал бұдан бұрын Владимир Зеленскийдің кеңсесі, сондай-ақ Украина Сыртқы істер министрлігі Мәскеу маңындағы "Крокус Сити Холл" ғимаратына жасалған қарулы шабуылға Украинаның қатысы жоғын мәлімдеген.

"Крокус Сити Холл" ғимаратындағы теракт

22 наурызда кешке Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметі Мәскеу түбіндегі Красногорск қаласындағы "Крокус Сити Холл" ғимаратында атыс пен өрт болғанын хабарлады. Бұл жерде "Пикник" тобының концерті өтуі керек еді.

Бұл оқиғадан кейін Ресей Тергеу комитеті терактіге қатысты қылмыстық іс қозғады. Ресей Федеральды қауіпсіздік қызметінің басшысы Александр Бортников терактіге байланысты 11 адамның, оның ішінде "Крокус-Сити Холлдағы" терактіге тікелей қатысы бар төрт лаңкестің ұсталғанын хабарлады. Кейін оларға бұлтартпау шарасы таңдалды.

24 наурыз Ресейде ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Соңғы мәлімет бойынша "Крокус-Сити Холлдағы" лаңкестік әрекеттің салдарынан қаза тапқандар саны 139 адамға жеткен, тағы ондаған адам ауруханада жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2075037-reseidin-tergeu-komiteti-krokus-siti-xolldagy-teraktige-qatysty-tagy-bir-kudiktinin-ustalganyn-xabarlady/