Түркияда лаңкестік шабуылдан кейін әуежайларда қызғылт сары дабыл деңгейі жарияланды
Жарияланған күні:

Түркияда лаңкестік шабуылдан кейін әуежайларда қызғылт сары дабыл деңгейі жарияланып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Hurriyet басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
TUSAŞ әуе-ғарыш компаниясының нысанындағы лаңкестік әрекеттен кейін Түркияның барлық әуежайларында, әсіресе Стамбұл мен Сабиха Гөкчен әуежайларында болуы мүмкін лаңкестік әрекеттерге қатысты қызғылт сары түсті ескерту жарияланды.
Анкараның Кахраманқазан ауданындағы TUSAŞ кампусында болған лаңкестік әрекеттен кейін Түркияның барлық аумағында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Террорлық ұйымдардың әуежайларға шабуыл жасау қаупіне байланысты әуежай сақтық шаралары қызғылт сары деңгейге көтерілді.
Атап айтқанда, Сабиха Гөкчен мен Стамбұл әуежайының кіру және шығу орындарында сақтық шаралары күшейтілді. Әуежайға кіріп-шығатын көліктер, жолаушылардың жеке басы мұқият тексеріліп жатыр.
Сабиха Гөкчен әуежайының күшейтілген қауіпсіздік шараларына қатысты мәлімдемесінде: "Жолаушыларға ұшуға дейін кемінде үш (3) сағат бұрын терминалға келу ұсынылады. Әуежайларда қосымша шаралар қабылданады", - делінген.
Айта кетейік, 23 қазанда Түркияның Анкара қаласында лаңкестік шабуыл болды. Салдарынан қаза тапқандар мен жарақат алғандар бар. Ақпаратты Түркияның ішкі істер министрі Әли Ерликая растады. Билік лаңкестікті Түркияда тыйым салынған Күрдістан жұмысшы партиясының мүшелері ұйымдастырған болуы мүмкін деп болжаған.
Осыдан кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанға лаңкестік шабуыл салдарынан бірнеше адамның қаза табуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.
Түркия әскерилері Сирия мен Ирактың солтүстігіндегі 32 нысана жойылғанын хабарлады.
Сонымен қатар билік өкілдері Анкара маңындағы Turkish Aerospace (TUSAŞ) түрік аэроғарыштық компаниясының штаб-пәтеріне жасалған шабуылда кем дегенде бес адам қаза тауып, 22 адам жараланғанын мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2178611-turkiiada-langkestik-shabuyldan-keiin-auezhailarda-qyzgylt-sary-dabyl-denggeii-zhariialandy/