Грузиядағы ереуілде соққы жегендер өз шындығын айтты
Жарияланған күні:

Грузияда қарашаның аяғы мен желтоқсанның басындағы жаппай наразылық кезінде соққы жеген белсенділер мен журналистер полициядан, арнайы жасақ өкілдерінен көрген тепкісін CNN-ге баяндады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ телеарна мақаласына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Белсенділердің бірі маска кигендер оны жерге жығып, басынан секіргенін, жағын сындырғанын айтса, тағы біреуі қатты тепкіден омыртқасы қатты зақымданғанын мәлімдеді. Күш өкілдері журналистердің техникасын сындырып, олардың өздерін аяусыз сабаған.
28 қарашада премьер-министр Ираклий Кобахидзе Грузияның Еуроодаққа кіру туралы келіссөздерін тоқтатқанын мәлімдеді. Сол күні мыңдаған адам бірнеше сағаттың ішінде Тбилисидегі парламент ғимараты алдына жиналды. Арасында жергілікті Publika.ge басылымының журналисі Александр Кешелашвили де бар.
Ол батыс бағытты ұстанатын президент Саломе Зурабишвилидің қаз-қатар тізіліп тұрған полиция күшінің алдына келіп, олардан "Кімге қызмет етесіңдер: Грузияға ма, әлде Ресейге ме?" деп сұрағанын бақылап тұрған.
Кейін полицияға маска киген ондаған адам қосылып, олар ереуілдегілерді ұра бастаған. Бір топ журналистің арасында тұрған Кешелашвилиді сүйреп алып кетіп, тілші екенін ескерткеніне қарамай, аяусыз соққыға шыққан. Журналист "соққы дәлізінде" не болғанын былай сипаттайды: он шақты адам жұдырықтады, сосын тепкіледі, еденде жатып есімнен танып қалдым.
Тілші есін жиған уақытта екі камерасын да ұрлап әкеткенін көреді.
"Айтарлықтай үлкен БАҚ емеспіз. Техника сатып ала салатын ақшамыз көп емес", - дейді ол. Кешелашвили сол түні камерада өткізген. Дәрігерлер келіп, шұғыл ота жасау керек екенін айтқанда ғана босатқан. Оның мұрнының бірнеше жері сынған.
Күш өкілдерінен таяқ жегендер арасында Formula TV жүргізушісі Гурам Рогава да бар. Ол парламент ғимараты алдында тікелей эфир жүргізіп тұрған. Оны да маска киген бірнеше адам ұстап, соққыға жыққан. Есінен танып қалғанын журналист не болғанын кейін камерада сақталған жазбадан білген.
Бетінен қан сорғалаған Рогаваға әріптестері көмектескен. Кейін ол мойын омыртқасы сынғанын білген. Дәрігерлер омыртқа сүйегі қозғалып кетсе, қол-аяғы істемей қалуы мүмкін екенін ескерткен.

Грузия жас заңгерлер қауымдастығы 2 қарашада белсенділерді наразылық кезінде ғана емес, ұстағананн кейін де аяусыз ұрғанын мәлімдеді.
Шарап дайындаумен шұғылданатын Эрекле Лоладзе полиция көлігінде қалай таяқ жегенін телеарнаға баяндады. Оны маска киген ондаған адам парламент маңында ұстаған.
"Олар мені әбден тепкіледі. Бір уақытта адамдардың біреуі екі аяғымен үстіме шығып алып, басыма да секірді", - деп жазды Лоладзе CNN-ге. Оның жағы екі жерден сынған, сол себепті сөйлей алмайды.
Грузияда халықтың 80 пайызы елдің Еуроодаққа қосылғанын қалайды, алайда билік басындағы "Грузин арманы" мен премьер кері бағыттағы саясатты ұстанады. Грузия Еуроодаққа қосылуға үміткер мәртебесіне ие болғанымен, елдегі қазіргі өзгерістер, соның ішінде биліктің "шетел агенті туралы" заңның қабылдануы оны ұйымнан алшақтатып жатыр.
Бұған дейін Грузияда бір аптаға созылған наразылық белсенділерді жаппай ұстау мен қудалаумен аяқталғанын жазғанбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2197233-ustime-shygyp-basyma-sekirdi-gruziiadagy-ereuilde-soqqy-zhegender-kush-okilderining-zhauyzdygy-turaly-baiandady/