Оңтүстік Корея президентіне импичмент жариялау туралы тағы бір арыз түсті
Жарияланған күні:

Жұма күні Оңтүстік Корея парламентіне президент Юн Сок Ёльге қарсы импичмент жариялау жөніндегі тағы бір арыз түсті. Заң жобасын дайындаған оппозициялық партиялар мемлекет басшысы бүлік шығарғаны үшін биліктен кетуі керек деп есептейді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ жергілікті Yonhap агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Елдегі алты бірдей оппозициялық партия заң жобасын сенбі күні сағат 17:00-де талқылауды ұсынған, алайда Ұлттық ассамблея (парламент) спикері У Вон Сик оны сағат 16:00-ге ауыстырды.
Басты оппозициялық күш – Демократиялық партия жетекшісі Ли Джэ Мён парламенттегі билік партиясының депутаттарын заң жобасын қолдауға шақырып, импичмент – "саяси дағдарысты еңсерудің ең тез әрі сенімді жолы" екенін мәлімдеді.
Билік басындағы партияның кем дегенде сегіз депутаты сенбі күні импичментті қолдап дауыс беруге дайын. Әзірге жеті депутат өз ұстанымын ашық түрде жариялап үлгерді.
Бір апта бұрын оппозицияның алты партиясы президент Юнге қарсы импичмент жариялауды көздейтін заң жобасын парламенттен өткізе алмаған. Оған билік басындағы партия кедергі келтірген. Сол кезде Демократиялық партия жетекшісі импичмент туралы шағымды апта сайын түсіретінін мәлімдеген.
Билік партиясы фракциясының жаңадан сайланған жетекшісі импичмент мәселесіне қатысты ұстанымын сенбі күні ресми түрде жариялайтынын мәлімдеді.
"Әзірге партияның ресми ұстанымы импичментті кері қайтару дегенге саяды, бірақ бұл депутаттар арасындағы талқылау нәтижесі ғана", - деп мәлімдеді Квон Сон Дон.
Импичмент туралы заң парламентте қабылдануы үшін билік басындағы партияның кем дегенде сегіз өкілінің дауысы жеткілікті болады.
Естеріңізге сала кетейік, бір күн бұрын Оңтүстік Корея парламенті елдің бірінші ханымы Ким Гон Хиге қатысты тергеу жүргізуге рұқсат беретін заң жобасын қабылдаған.
Сол күні президент Юн Сок Ёль үндеу жариялап, биліктен өз еркімен кетпейтінін, бүлік жасады деген айыпты жоққа шығаратынын, оппозицияның импичмент жариялау әрекетімен күресетінін мәлімдеген.
Осының алдында әділет министрлігі президент Юнға елден шығуға тыйым салған.
Оңтүстік Корея президентіне елде әскери режим енгізуге кеңес берген қорғаныс министрі Ким Ён Хён қамауда отыр.
Осының алдында біз Оңтүстік Корея президентіне импичмент жарияланған жағдайда қандай саяси өзгерістер болатыны туралы жазғанбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2200325-ongtustik-koreia-prezidentine-impichment-zhariialau-turaly-tagy-bir-aryz-tusti/