CBS News: Си Цзиньпин Трамптың инаугурацияға шақыртуынан бас тартты
Жарияланған күні:

ҚХР төрағасы Си Цзиньпин АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамптың инаугурациясына қатыспайды. Салтанатты кешке Қытай елшісі мен оның әйелі барады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ CBS News телеарнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Телеарна мәліметінше, Қытай басшысы Си Цзиньпин қаңтар айында Вашингтонға Дональд Трампты ұлықтау кешінің қонағы ретінде бара алмайды. Бұл туралы телеарнаға бірнеше дереккөз хабарлаған. Инаугурацияға Қытайдың АҚШ-тағы елшісі мен оның әйелі қатысады.
CBS News дереккөздерінің мәліметінше, қытай елшісімен бірге салтанатты кешке Пекиннен келген басқа да лауазым иелері еріп баруы мүмкін. Дегенмен Қытайдың Вашингтондағы елшісі осы мәселеге қатысты сауалдарға жауап бермеген.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін телеарна Дональд Трамптың ҚХР басшысы Си Цзиньпинді инаугурацияға шақырғанын хабарлаған.
Биыл күзде Си Цзиньпин Трампты АҚШ президентін сайлауда жеңіске жетуімен құттықтаған.
Айта кетелік, Құрама Штаттар президентінің инаугурацисы 2025 жылы 20 қаңтарда Вашингтондағы Капитолий ғимаратының алдында өтеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2200428-cbs-news-si-tszinpin-tramptyng-inauguratsiiaga-shaqyrtuynan-bas-tartty/