Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Новости русской службы Би-би-си

Украина лазерлік "Тризуб" қаруын жасап шығарғанын мәлімдеді: қарудың ерекшелігі неде

Жарияланған күні:

DragonFire лазерлік қаруы
DragonFire лазерлік қаруы. Фото: UK MOD

Украина қарулы күштері Қашықтан басқару жүйесі күштерінің қолбасшысы Вадим Сухаревский елде лазерлік қару шығарылғанын мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ BBC Орыс қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Осы уақытқа дейін қарудың осындай түрі шыққалы жатқаны туралы ешқандай мәлімет жарияланбаған. Әлемде бірнеше елде ғана лазерлік қару бар. Украина дайындаған лазерлік "Тризуб" қандай қару?

"Қателеспесем, қазір Украина – лазерлік (әскери) қаруы бар бесінші ел. Енді біз лазер көмегімен екі километрден аса биіктегі ұшақты атып түсіре аламыз", - дейді Сухаревский. Шенеуніктің бұл мәлімдемесін Інтерфакс-Україна агенттігі жариялады.

Сухаревский лазерлік қару туралы мәлімдемесін 16 желтоқсандағы конференцияда жасаған. Қолбасшының айтуынша, жаңа қару "Тризуб" деп аталады. Қазір қаруды одан сайын күшейту жұмыстары жүріп жатыр.

Сухаревскийдің шағын мәлімдемесінен қаруды сипаттау қиын. "Тризубты" соғыс жағдайында сынаған-сынамағаны да белгісіз.

Әлемнің алпауыт державалары әскери лазерлік қаруды 60-70 жыл бұрын дайындай бастаған. Қарудың осы түріне әсіресе АҚШ пен КСРО қызыққан.

Теория тұрғысында қарасақ, лазер сәулесі санаулы секундтарда жау техникасын күйдіріп түсуге тиіс. Мұндай қаруды қорғаныста, шабуылда да қолдануға болады. Сол кезде таптырмас қару сияқты көрінген, алайда оны іске асыру қиын екенін тәжірибе көрсеткен. Сөйтіп америкалық және совет биліктерінің лазерлік қару туралы мәлімдемелері сөз күйінде ғана қалған.

Лазерлік қаруға ие елдер клубына кіретіндер өте аз. АҚШ пен Ресейден басқа, осындай технологияға Қытай, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Жапония және Израиль ие болуы мүмкін.

АҚШ билігі зымыраннан қорғаныс лазерлік модулін, сонымен бірге флот пен авиация үшін де осындай жүйе дайындап жатқанын мәлімдеген.

Қытай лазерлік зенитті қаруы, бұған қоса лазерлік винтовкалары барын жариялаған.

Ресей басшысы Владимир Путин де бірнеше жыл бұрын "Пересвет" деп аталатын кешенмен мақтанған. Оның айтуынша, лазер сәулесімен спутниктерді де істен шығаруға болады-мыс.

Израиль армиясы биыл күзде Iron Beam лазер жүйесінің алғашқы партиясына тапсырыс берген. Ол 2025 жылдың аяғына қарай әскерге алынуы тиіс.

Iron Beam лазер жүйесі
Израильдің Iron Beam лазер жүйесін таныстыру сәті. Фото: MANDEL NGAN/AFP via Getty Images

Оңтүстік Корея мен Жапония да дрондар мен зымырандарға қарсы лазерлік жүйесінің прототипін көрсеткен.

Ұлыбритания DragonFire лазер жүйесін қарулы күштерге 2027 жылға қарай енгізуді көздеп отыр.

Ал Украинаның лазерлік қаруы – "Тризуб" туралы әзірге ештеңе белгісіз. Егер ол екі километр жердегі нысанды атып түсіре алар болса, онда оның нысанды анықтау, көздеу жүйесі де болуға тиіс. Мысалы, DragonFire бір километр жердегі нысанды 23 мм дәлдікпен көздей алады.

Киев аз уақыттың ішінде осындай қару жасап шыға ала ма? Сарапшылар лазерлік қару дайындауға көп уақыт кетпейтінін айтып отыр. Қару-жарақ түрлеріне қатысты украин сарапшысы Олег Катков BBC-ге жасауға әбден болатынын растаған. Оның пікірінше, кейінгі жарты ғасырда лазерлік қаруға қажетті технологиялар мен жабдықтар әлдеқайда ілгері жылжыды, бұған қоса қазір қару жабдықтарын алдыру да аса қиын емес.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2201813-ukraina-lazerlik-trizub-qaruyn-zhasap-shygarganyn-malimdedi-qarudyng-ereksheligi-nede/