Сеул Украинадағы соғыста КХДР-дың кемі 100 жауынгері мерт болды деп мәлімдеді
Жарияланған күні:
Оңтүстік Корея барлау қызметі Украинадағы соғыста Солтүстік Кореяның кем дегенде 100 жауынгері мерт болып, 1 мыңға жуығы жараланғанын мәлімдеді. Олардың бәрі Ресей жағында соғысқан. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ BBC Орыс қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Бейсенбі күні барлау қызметінің өкілдерімен кездесуден шыққан депутат Ли Сынгвон журналистерге осындай мәлімет таратқан. Оның айтуынша, КХДР-дың кем дегенде 100 жауынгері Ресейдің Курск түбіндегі шайқастарда опат болған. Олардың арасында лауазымы жоғары шенділер де бар, дейді депутат.
Парламент өкілі Солтүстік Корея жауынгерлері арасында шығынның көп болуын жергілікті мекенмен таныс еместігімен, бұрын дрондарға қарсы соғысып көрмегендігімен түсіндірген. Депутаттың пікірінше, солтүстіккореялық күштер осы майданда «пайдасы шамалы жасақ ретінде пайдаланылады».
"Естуімше, ресейлік жауынгерлер Солтүстік Корея сарбаздары дрон туралы аз білгендіктен көмек емес, масылға айналды деп шағымданатын көрінеді", - дейді депутат.
Дүйсенбі күні Пентагон өкілі генерал-майор Пэт Райдер Солтүстік Кореяның Украинадағы соғыста қаза тапқан жауынгерлері туралы мәлімдеген. Алайда ол нақты қанша сарбаз мерт болғанын айтпаған. Алайда ертесіне АР, Reuters агенттіктері, Пентагондағы дереккөздеріне сүйене отырып, осы майданда "екі жүзге жуық" солтүстіккореялық мерт болғаны және жараланғаны туралы хабарлаған.
Оңтүстік Корея мәліметінше, Пхеньян Украинаға қарсы соғыста Ресейге көмектесу үшін 11 мыңға жуық жауынгерін жолдаған.
Естеріңізге сала кетейік, осының алдында Сеул Солтүстік Корея жауынгерлерін Украинаға қарсы соғысқа жіберіп, оның орнына Ресейден қару-жарақ алған болуы мүмкін деп мәлімдеген.
Одан бұрын Солтүстік Корея өкілдері Украинамен соғысқа қатысу үшін өз сарбаздарын Ресейге жібергені туралы ақпаратқа алғаш рет пікір білдірген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2202294-seul-ukrainadagy-sogysta-khdr-dyng-kemi-100-zhauyngeri-mert-boldy-dep-malimdedi/