Израиль тарабы алғаш рет ХАМАС жетекшісі Исмаил Ханияның өліміне қатысы барын мойындады
Опубликовано:
Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац шілде айының соңында Тегеранда палестиналық исламшыл ХАМАС тобының жетекшісі өлімінің артында Израиль тұрғанын алғаш рет растады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ РБК сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Кац бұл мәлімдемесін қауіпсіздік қызметкерлерін еске алу шарасында жасады. Сонымен қатар ол йемендік хуситтерді Израильге қарсы шабуылдары үшін қатаң жазалаймыз деп қорқытты.
"Біз хуситтердің стратегиялық инфрақұрылымына соққы жасап, олардың басшыларын жоямыз. Тегеранда, Газа мен Ливанда Ханияға, оны алмастырған Яхья Синварға және Ливан Хезболласының жетекшісі Хасан Насраллаға жасағанымызды Ходейда мен Санада қайталаймыз", - деді Кац.
Кац хуситтерді Иран қолдайтын "зұлымдық осі" ұйымының соңғы қалған бөлігі деп атады.
62 жастағы Исмаил Хания 31 шілдеге қараған түні Тегерандағы өзі тұрған ғимаратқа жасалған зымыран шабуылынан қаза тапқанын еске саламыз. Ол Иранның жаңа президенті Масуд Пезешкянның ұлықтау рәсіміне қатысу үшін келген еді.
ХАМАС бұл шабуыл үшін Израильді айыптады. Алайда сол уақытта Израиль ресми түрде бұл оқиғаға қатысты пікір білдіруден бас тартып, премьер-министр Биньямин Нетаньяху министрлерге де түсініктеме беруге тыйым салған болатын.
- "Қызметтің де мәні кетеді": Асад Сириядан қашқаннан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады
- Сирияда мыңдаған адам Асад жүйесінің құлауын тойлауға жиналды
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/world/2203958-izrail-taraby-algash-ret-ismail-haniianyng-olimine-qatysy-baryn-moiyndady/