Top.Mail.Ru

Зектілері

Ақтаудағы ұшақ апаты: Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының басшысы мәлімдеме жасады

Жарияланған күні:

Ақтаудағы ұшақ апаты
AZAL әуе компаниясының ұшағы. Фото: SOPA Images/Getty Images

Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) бас директоры Вилли Уолш Ақтау маңында болған ұшақ апатына қатысты пікірін білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Азаматтық ұшақтар ешқашан әскери операциялардың әдейі немесе кездейсоқ нысаны болмауы керек. Ресей мен Әзербайжанды қоса алғанда, бірқатар ел үкіметтері "Әзербайжан әуе жолдарының" 8243 рейсінің әскери операциялар құрбаны болуы мүмкін деген болжамды алға тартып отыр. Бұл жағдай мұқият, ашық және бейтарап тергеу жүргізуді талап етеді.

Бүкіл әлем Чикаго конвенциясына сәйкес халықаралық міндеттемелер аясында тергеу нәтижелерінің 30 күн ішінде жариялануын асыға күтеді", - дейді Вилли Уолш мәлімдемесінде.

Чикаго конвенциясының 13-қосымшасына сәйкес тергеу жүргізетін мемлекет борттық өздігінен жазғыш деректерін оқуды қамтамасыз етеді және оларды қай елде таратып жазу туралы шешім қабылдайтынын еске саламыз.

Қазақстан бұл Конвенцияны 1992 жылы ратификациялаған әрі Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) мүшесі.

"Жоғарыда аталған құжаттың негізінде, сондай-ақ ИКАО ұсынымдарын және Әзербайжан мен Ресейдің авиациялық билік өкілдерімен кеңесе отырып, көлік министрі Марат Қарабаев басқаратын авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі комиссия борттық өздігінен жазғыштарды (қара жәшіктерді) Embraer әуе кемесін шығарушы Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) жіберу туралы шешім қабылдады", - делінген хабарламада.

Айта кетейік, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады.

Қазақстан Көлік министрлігі алдын ала ақпаратқа сәйкес ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болғанын хабарлады.

Бортта 42 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан азаматы болған.

Көп ұзамай Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақта 38 адам қаза тапқаны белгілі болды. Өкінішке қарай, аман қалғандардың арасында қазақстандықтар жоқ екені хабарланды.

26 желтоқсанда Euronews генттігі Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап, Ақтаудағы қайғылы оқиғаға Ресейдің Грозный үстінен ұшырылған зымыраны себеп болғаны туралы ақпарат жариялады.

Кейін Ресей авиациясының басшысы Дмитрий Ядров 25 желтоқсанда Embraer жолаушылар ұшағының Маңғыстауда апатқа ұшырауына қатысты мәлімдеме жасаған еді. Ол Қазақстанға құлаған жолаушы ұшағы Грозный әуежайына "Ковер" режиміне байланысты қона алмағанын, Шешенстан астанасы әуе кеңістігінде мұндай режим Украина шабуылына байланысты енгізілгенін мәлімдеді.

28 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, РФ әуе кеңістігінде болған қайғылы жағдай үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ Ресей Тергеу комитеті осы жайт бойынша қылмыстық іс қозғағаны мәлім болды.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Әзербайжан телеарнасына берген сұхбатында Ақтау маңында AZAL ұшағының апатқа ұшырауының бірқатар себебін атады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2206797-aqtaudagy-ushaq-apaty-halyqaralyq-aue-koligi-qauymdastygynyng-basshysy-malimdeme-zhasady/