Оңтүстік Кореяның қызметінен шеттетілген президентін қамауға алу туралы ордер берілді
Жарияланған күні:
Оңтүстік Корея соты қызметінен шеттетілген президент Юн Сок Ёльді қамауға алу туралы ордер шығарды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ CNN-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Оңтүстік Кореяның сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің мәліметінше, Сеулдің Батыс округтік соты Юн Сок Ёльге билікті теріс пайдаланғаны және бүлік ұйымдастырғаны үшін қамауға алу туралы ордер берген. Бұл айыптар желтоқсанның басында оның елде әскери жағдай енгізгеннен кейін тағылған.
Басылымның атап өтуінше, бұл Оңтүстік Корея тарихында қамауға алу ордері қазіргі қызметтегі президентке берілген алғашқы жағдай.
"Қамауға алу ордері бұрынғы прокурор Юн Сок Ёль тергеушілердің ынтымақтастық туралы үш шақыртуына жауап беруден бас тартқаннан кейін берілді", - делінген материалда. Ордер әдетте бір аптаға жарамды, бірақ оның мерзімі ұзартылуы мүмкін екені де айтылған.
Оңтүстік Кореяда не болып жатыр?
3 желтоқсанда Корея президенті Юн Сок Ёль елде әскери жағдай жариялаған. Бұл шешімін ол "конституциялық тәртіпті қорғау" және "солтүстіккореялық коммунистік күштер тарапынан төнген қауіп-қатердің алдын алу" ниеті деп түсіндірді.
Әскери жағдай енгізу туралы шешімге Демократиялық партияның оппозициялық лидері Ли Джэ Мен келіспеген. Ол партия мүшелерін парламент ғимаратына жиналуға шақырған. Кейін республика парламенті әскери жағдайды жою туралы шешім қабылдаған.
Сол уақытта оппозициялық партия президентті отставкаға кетуге шақырды, ал Оңтүстік Корея полициясы Юн Сок Ёльге қарсы мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырғаны үшін тергеу жұмыстарын бастаған.
Осы уақытта Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрі қызметінен кететінін жариялап, "әскери жағдайдың енгізілуі халық арасында алаңдаушылық пен шатасуға алып келгені үшін" кешірім сұраған. Президент әкімшілігінің басшысы мен тағы 10 аға хатшы да қызметтерінен босатылған.
Екі күннен кейін оппозициялық партия президент Юн Сок Ёльге импичмент жариялау процедурасын бастағаны белгілі болды. Бірақ сол кезде дауыс беру жүзеге аспай қалған, себебі билеуші партияның депутаттары отырысқа бойкот жариялаған.
Президент кейін халық алдында сөз сөйлеп, мұндай шешімді "шарасыздықтан" қабылдағанын айтып кешірім сұраған. Басқа бір сөзінде ол импичмент бойынша дауыс беру аяқталғанша отставкаға кетпейтінін мәлімдеген. Алайда 14 желтоқсанда парламент президентке импичмент жариялауды қолдап дауыс берген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2207084-ongtustik-koreianyng-qyzmetinen-shettetilgen-prezidentin-qamauga-alu-turaly-order-berildi/