Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтаудағы ұшақ апаты: Бразилия "қара жәшікті" ашуды бастады

Жарияланған күні:

Ақтаудағы ұшақ апаты
Ақтаудағы ұшақ апаты. Фото: ria.ru

Бразилия 25 желтоқсанда Ақтау маңында апатқа ұшыраған әзербайжандық AZAL ұшағының "қара жәшігін" ашуды бастады. Бұл туралы Report басылымы хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Басылым ақпаратынша, бұл туралы бразилялық G1 порталы хабарлаған. Ақпаратқа сәйкес, "қара жәшік" Бразилияға сәрсенбі күні жеткізілген.

Басылымға тергеу барысымен таныс дереккөздің айтуынша, "қара жәшікті" ашу 2 қаңтарда (Баку уақытымен 3 қаңтар) басталған. Қара жәшіктердегі деректер Бразилияның Әскери-әуе күштері (Força Aérea Brasileira – FAB) мамандарының қатысуымен талданады.

Алынған ақпарат оқиғаны талдауға және тергеуге жауапты агенттік – Қазақстанның Авиациялық оқиғаны тергеу комиссиясына беріледі.

Айта кетейік, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады.

Қазақстан Көлік министрлігі алдын ала ақпаратқа сәйкес ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болғанын хабарлады.

Бортта 42 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан азаматы болған.

Көп ұзамай Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақта 38 адам қаза тапқаны белгілі болды. Өкінішке қарай, аман қалғандардың арасында қазақстандықтар жоқ екені хабарланды.

26 желтоқсанда Euronews генттігі Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап, Ақтаудағы қайғылы оқиғаға Ресейдің Грозный үстінен ұшырылған зымыраны себеп болғаны туралы ақпарат жариялады.

Кейін Ресей авиациясының басшысы Дмитрий Ядров 25 желтоқсанда Embraer жолаушылар ұшағының Маңғыстауда апатқа ұшырауына қатысты мәлімдеме жасаған еді. Ол Қазақстанға құлаған жолаушы ұшағы Грозный әуежайына "Ковер" режиміне байланысты қона алмағанын, Шешенстан астанасы әуе кеңістігінде мұндай режим Украина шабуылына байланысты енгізілгенін мәлімдеді.

28 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, РФ әуе кеңістігінде болған қайғылы жағдай үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ Ресей Тергеу комитеті осы жайт бойынша қылмыстық іс қозғағаны мәлім болды.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Әзербайжан телеарнасына берген сұхбатында Ақтау маңында AZAL ұшағының апатқа ұшырауының бірқатар себебін атады.

Сонымен қатар 30 желтоқсанда Қазақстан Ақтау маңында құлаған ұшақтың "қара жәшігін" Бразилияға жібергені белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2207955-aqtaudagy-ushaq-apaty-braziliia-qara-zhashikti-ashudy-bastady/